Алматыда биылдан бастап мемлекеттік коммуналдық пәтер беру тоқтатылады - қала әкімінің орынбасары

АЛМАТЫ. Ақпанның 9-ы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда биылғы жылы пайдалануға берілетін мемлекеттік коммуналдық 2 тұрғын үй мүгедектер мен ардагерлерге арналған. Оны қала әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов бүгін жалға берілетін алғашқы үйдің қоныстанушыларына 26 пәтердің кілтін табыс ету рәсімінде айтты,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

"Алматыда қазіргі таңда 1981 жылдан бері пәтер кезегінде 15 мың адам тұр. Олардың ішінде аз қамтамасыз етілген отбасылар да бар. 17 санаттағы бұл азаматтар енді жалға берілетін пәтер алушылардың тізіміне енгізіледі", деді қала әкімінің орынбасары. Ал тұрғын үй басқармасының бастығы Қайрат Нұрқаділовтің айтуынша, олардың арасынан пәтер алғашқы кезекте 1981-1983 жылдан бері кезекте тұрған азаматтарға берілді. Шексіз мерзімге берілетін 1-3 бөлмелі бұл пәтерлер болашақта жекеге берілуі де мүмкін. Әзірге бұл мәселе шешілген жоқ. Бүгін баспаналы болғандардың бірі Қапиза Дайынбаева. "Жолдасым поршен зауытында істеген, өзім бұрын Алматы облыстық балалар кітапханасында кітапханашы, 2000-ші жылдан бастап Банк ісі академиясы кітапханасының меңгерушісі болып қызмет атқарам. Екі қызым, екі немерем бар. Бүгін сондай-ақ, Қазақтың ұлттық аграрлық университетінде оқытушы болып жұмыс істейтін үлкен қызымның туған күні. Сондықтан біздің отбасымызда бүгін қос бірдей қуаныш қатар тойланатын болады", дейді Қапиза Ақанқызы.