Алматыда биылғы мектеп түлектерінің жартысына жуығы ҰБТ-да 100 балдан жоғары жинады - Р. Шимашева
«Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеу қорытындысы бойынша, республикамызда 19 түлек ең жоғары көрсеткіш - 125 балдан жинады. Олардың алтауы - алматылықтар, яғни 12, 159, 162, 175 және №178-ші мектептердің түлектері. Бір айта кетерлік жайт, олардың барлығы қазақ тілінде білім беретін мектептерде оқыған! Қаламызда биылғы мектеп түлектерінің 44 пайызы тестілеуде - 100 балдан жоғары жинады. Бұл республикалық көрсеткіштен 25 пайызға жоғары! 254 түлек «Алтын белгіге» ие болды. Олардың ішінде 204 түлек - қазақ тілінде білім беретін мектептерде білім алса, 44 түлек - орыс тілінде білім беретін мектептерде, ал 6 түлек - ұйғыр тілінде білім беретін мектептерде оқыған. Одан басқа, қажетті көлемде балл жинай алмаған «Алтын белгіге» үміткер түлектер үздік оқығандары жөнінде аттестат алды», - деді өз сөзінде Алматы қаласы Білім басқармасының басшысы Рахат Шимашева.
Сонымен қатар, ол биыл елімізде Ұлттық бірыңғай тестілеудің жаңа форматта өткізілгендігін айтты.
«Биыл ҚР Білім және ғылым министрлігі 50 баллдық межелік деңгейді еңсере алмаған түлектерге тестіні қайта тапсыруға мүмкіндік берді. Тіпті, межелік деңгейді еңсере алмаған талапкерлер де екінші рет тест тапсырып, ақылы бөлімге түсуге мүмкіндік алды. Ал, Алматы қаласы бойынша межелік деңгейді еңсере алмған түлектердің саны республикалық деңгейден 7 есе төмен. Дейтұрғанмен, ҰБТ қорытындысы бойынша 20, 43, 45, 69, 177, 183, 187, 190, 192, 193 және №195-ші мектептер мен «Абылай Т» және «Мариам» жеке мектептері төменгі орташа балл алып қалғандарын айта кеткен жөн. Ал, №183-ші мектептің көрсеткіші 125 баллдың жартысына да жете алмады», - деді Рахат Шимашева.
Кеңес барысында өткен оқу жылының қорытындысы шығарылып, білім беру мекемелерінің алдағы 2016-2017 оқу жылына даярлығы, білім сапасын арттыру мәселелері талқыланды.