Алматыда бокстан КСРО спорт шебері А. Тшановтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда осымен төртінші рет бокстан жастар арасында (18-21 жас) КСРО спорт шебері, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Амалбек Тшановтың жүлдесіне арналған халықаралық турнир басталды.

Бұл спорттық шара ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналып отыр. Республикалық спорт колледжінде биыл төртінші рет өтіп жатқан бұл турнирге Қазақстанның облыстық құрама командаларымен қатар, Ресей, Моңғолия, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстан елдерінің жастар құрамасы және Республикалық спорт колледжінің командасы қатысуда.

Жарыстың салтанатты ашылу рәсімі барысында грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров, грек-рим күресінен Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыханов, Алматы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығының орынбасары Рүстем Байсейітов сөз сөйлеп, Амалбек Қозыбақұлына денсаулық тілеп, мынадай қиын кезеңге қарамастан жарыс өткізіп жатқанына ризашылықтарын білдіріп, боксшыларға сәттілік тіледі.

Журналистерге берген сұхбатында Республикалық спорт колледжінің директоры Амалбек Тшанов турнирді ұйымдастырудағы мақсат-міндеттер жайында әңгімеледі.

«Турнирді ұйымдастырудағы мақсат - қазақ боксын одан әрі дамыту. Жас боксшылардың шеберліктерін арттыру. Тек жаттығу жасаудан ештеңе шықпайды. Боксшылар осындай жарыстарда шынығады, тәжірибе жинақтайды. Егер боксшыларымыз мықты болса, мұндай турнирлерге шет мемлекеттер де мықты боксшыларын жібереді. Бүгінгі турнирге барлығы 10 салмақ дәрежесі бойынша 110 спортшы қатысып жатыр. Турнирдің сапасын арттыру мақсатында әр облыстан келетін командалар құрамына шектеу қойдық. Яғни, әр облыс өзінің қалаған салмақ дәрежелері бойынша 6 боксшы ғана жібере алады», - деді А. Тшанов.

Сонымен қатар, Амалбек Қозыбақұлы бұл халықаралық турнирдің биыл тұңғыш рет ресми түрде «спорт шебері» атағын бере алатын республикалық жарыстардың күнтізбегіне енгізілгендігін жеткізді.

«Бұған дейін боксшыларға «спорт шебері» мәртебесін бір турнирді жеңсе, бере беретін. Енді олай болмайды. Қазір елімізде жастар арасында өткізілетін 3-4 ресми турнир бар. Бүгінгі турнир сол жарыстардың қатарына енді. Енді, сол турнирлерге қатысып, жеңіске жетіп, белгілі бір ұпай санына қол жеткізген боксшыларға ғана «спорт шебері» атағы берілетін болды. Мен бұл жаңа ережені толық қолдаймын. Сонда жастар мұның жай беріле салатын атақ еместігін, бұл үшін аянбай тер төгу керектігін түсінетін болады. Сәйкесінше, шеберліктері де артады. Бір сөзбен айтқанда, бокстың деңгейін барынша көтеруіміз қажет. Өйткені бокс, Қазақстанның ұлттық спорт түрлерінің біріне айналған өнер», - деді А. Тшанов.

Айта кетелік, турнир бес күнге созылады. Финалдық сайыстар 29 сәуір күні күндізгі сағат 12.00-де Республикалық колледждің спорт кешенінде басталады. Жеңімпаздар, дипломдармен және естелік сыйлықтармен марапатталады.