Алматыда «Болашақ көшбасшылары» атты халықаралық жастар форумы өтіп жатыр

None
АЛМАТЫ. Қаңтардың 20-сы. ҚазАқпарат /Ербол Азанбек/ - Бүгін Алматыда «Болашақ көшбасшылары» атты ІІІ халықаралық жастар форумы ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Форумды Алматы қаласы әкімдігінің қолдауымен «ICL» халықаралық көшбасшылық орталығының «Көшбасшылық бағдарламасы-25» бастамашы тобы ұйымдастырған. «Форум мақсаты ? елдің жетістікке толы болашағына ұмтылатын отандық жас кәсібилер тобын қалыптастыру» дейді ұйымдастырушылар. 2007 жылдан бері өткізіліп келе жатқан форумда биыл білім, саясат пен қоғамдық қызмет, экономика мен бизнес, инновациялық технологиялар, спорт, журналистика мен PR, мәдениет пен сән салалары бойынша түрлі тақырыптар талқылануда. Форум спикерлері ретінде КИМЭП-тің атқарушы вице-президенті Хабиб Рахман, академик, химия ғылымдарының докторы Найля Мажренова, саясаттанушылар Айдос Сарым мен Досым Сәтбаев, белгілі экономист Ораз Жандосов, кәсіпкер Райымбек Баталов, олимпиада чемпионы Ермахан Ибраимов, әнші Нұрлан Абдуллиндер қатысуда. Х.Рахманның айтуынша, көшбасшылыққа аудиториялардағы лекциялар арқылы қалыптастыруға болмайды, бұл қасиет адамның миы мен басында болатын нәрсе. Белгілі саясаттанушы А.Сарымның пікірінше, бұндай форумдар жастардың санасын қалыптастыруда үлкен рөл атқарады. «Біздің айналамыз үлкен жылдамдықпен өзгеруде. Сондықтан жастар шығармашылықпен ғаламдық ой ойлауы тиіс» дейді белгілі саясаттанушы.