Жаңа кеңсенің аумағы 2000 шаршы метр. Онда 34 қызметкер жұмыс істейді. Ғимаратта термотехника және электр құралдарымен жұмыс істеуге үйрететін оқу орталықтары бар. Компания басшыларының айтуынша, бұл жаңа офистің басты ерекшеліктерінің бірі.
Аталмыш шараның ашылу салтанатына Bosch тобының Ресей, Украина, Белоруссия мен Қазақстандағы Өкілетті өкілі Рене Шлегель, Қазақстандағы «Роберт Бош» ЖШС бас директоры Вольфрам Клингер, Орталық Азиядағы Герман экономикасы өкілдігінің басшысы Йорг Хетч және компанияның серіктестері қатысты.
"Жаңа кеңсенің ашылуына ықпал еткен негізгі себептердің бірі - компания қызметі мен өніміне қазақстандық тұтынушылар тарапынан сұраныстың артуы болып отыр",-деп атап өтті кеңсенің ашылу салтанатында Bosch тобының Ресей, Украина, Белоруссия мен Қазақстандағы Өкілетті өкілі Рене Шлегель.
Оның айтуынша, Алматыда жаңа заманауи кеңсенің ашылуы компанияның Қазақстандағы қызметін дамыту бағытында жасалған маңызды қадамдардың бірі. "Біздің компаниямыз Қазақстан нарығында қарқынды дамып келеді. Өткен, 2010 жылдың өзінде Bosch компаниялар тобының ТМД елдері аумағындағы сатылымдарының жалпы көлемі алдыңғы жылмен салыстырғанда 37 пайызға артып, 770 миллион еуроға жетті. Қазақстанда Bosch аймақтық айналымға да өзіндік үлес қосты, оның көлемі тұңғыш рет 10 млн. еуроға жетіп отыр», - деді ол
Қазақстандағы «Роберт Бош» ЖШС бас директоры Вольфрам Клингердің айтуынша, жаңа кеңсе Bosch компаниясының 125 жылдығы мен оның негізін қалаушы Роберт Боштың 150 жылдық мерейтойына орай арнайы ашылған.
Вольфрам Клингердің айтуынша, компания электр қуатын үнемдеу мәселесіне үлкен мән береді. "Сондықтан да электр қуатын үнемдеуге, атмосфераға тасталатын зиянды қалдық мөлшерін қысқартуға және Алматы қаласының экологиясын жақсартуға бағытталған жобаларды жүзеге асырып келеміз. 2009 жылы «Robert Bosch» компаниясы Алматы қаласының Құрылыс басқармасымен бірге «Ұлжан» ықшам ауданындағы балабақшаны ыстық сумен қамтамасыз ету жобасын жүзеге асырды. Жоба бойынша бала-бақшаға күнмен жұмыс істейтін коллекторлар орнатылды. Бір жылдан кейін оның экономикалық тиімділігі дәлелденді. Төрт-бес жылдан кейін өзін-өзі толық ақтайтын гелиожүйе 15-20 жыл қызмет ететін болады",-деді ол.