АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматының Бостандық ауданында газ тарату құрылғысында апатқа қарсы қорғаныстың іске қосылуынан тұрғын үйлер апатты жағдайда көгілдір отыннан ажыратылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның авариялық-диспетчерлік қызметіне ақпарат 30 наурыз сағат 19:45-те түскен. Оқиға салдарынан төрт шағынауданның (Орбита-1,2,3,4) тұрғындары уақытша газсыз қалды.
«ҚазТрансГаз Аймақ» мамандары апат орнына барып, жедел шаралар қабылдады. Оның ішінде газ тарату пунктерінде кіру және шығу жолындағы бекіткіш арматуралар жабылып, қорғасынды пломбамен пломбаланды. Қауіпсіздік техникасының талаптарына сәйкес, түнгі уақытта жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілмейді. Осыған байланысты жұмыстар ертең таңғы сағат 09:00-де басталады.
Думан Арғынгелді
2008 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. «Қазақстан» ұлттық арнасының Алматы қалалық филиалында, «Аягөз жаңалықтары», «Алматы ақшамы» газеттерінде қызмет атқарды. Мақалалары республикалық, облыстық, аудандық газет беттерінде жарияланды. 2021 жылдан бері «KAZINFORM» ХАА-де жұмыс істейді.