«Алматының жас тұрғыны түнгі он бірде жұмыстан үйіне қайтады. Оның үйі мен жұмыс аралығы 8 ықшам ауданды қамтиды. Балалар алаңы жанындағы қиылыстан өте бергенде бойжеткен ту сыртынан адам аяғының сыбырын естиді. Бұрылып қарауға қорқып, тездетіп алға қарай жүре береді. Жүгіре бергенде, басынан соққы алады. Қылмыскерлер оның сөмкесін қолды еткендеріне қарамастан, оны қылқындырмақ болады. Алайда өтіп бара жатқан әлде біреу бойжеткенге көмектесіп, полиция қызметкерлеріне жедел қоңырау шалады. Үш минутта қылмыс орнына үш патрульдық экипаж келіп жетті», - деп хабарлады Әуезов аудандық ІІБ-ның полиция полковнигі Нұрлан Алмасбеков.
Екі қарақшы да із кесу барысында полицей қызметкерлеріне ұсталды. Олар сөмкені лақтырып үлгерген, бірақ бағалы заттарды жымқырған.
«Ұялы телефон, қаражатты әмиян және әшекей бұйымдар қылмыскерлерді бірден ұстауға айғақ болып, өз кінәларын толығымен мойындатты. Екі қылмыскер де Алматы облысы, Қаратал ауданының 19 жасар тұрғындары. А. деген азамат бұрындары да топтасқан қылмыспен қолға түсіп, қылмыстық жауапқа тартылған. Ол кезде оған 3 жыл бас бостандығынан айыру туралы үкім шыққан. Алайда бұл оған сабақ болмаған, ол әдетіне қайта басып, оңай жолмен ақша табу үшін адамдарға «шабуыл» жасауды қоймаған», - дейді полковник Алмасбеков.