Алматыда бүгін өрт салдарынан зардап шеккен тұрғын үйде жөндеу жұмыстары басталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Корова бар» дәмханасында шыққан өрт салдарынан зардап шеккен 7 қабатты тұрғын үйдің пәтерлері мен балкондарын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұл туралы Алматы қаласы әкімінің баспасөз қызметінен хабарлады.

Абылайхан даңғылы 74/60 мекенжайында орналасқан жеті қабатты тұрғын үйге «Верный» пәтер иелері кооперативі қызмет көрсетеді.

«Соңғы мәлімет бойынша, өрт салдарынан №5 және №6-шы кіреберістің пәтерлері, сондай-ақ, №4-ші кіреберістің балкондары зардап шекті. Барлығы 23 пәтерді өрт шалған. Олардың ішінде 7 пәтерге қатты нұқсан келтірілсе, қалған 16 пәтерді жартылай ғана өрт шалған. Яғни, балкондары жанып, терезелері сынған. Барлығы 120 адам эвакуацияланды, олардың ішінде 8 бала бар. Бір адам уытты газға улану нышанымен Жедел медициналық көмек көрсету ауруханасына жеткізілді», - делінген хабарламада.

Қазіргі сәтте осы үйдің тұрғындары келтірілген шығынды өтету, пәтерлерді және тұрғын үйдің сыртқы келбетін қалпына келтіру бойынша арыздар тапсырып жатыр. Келтірілген шығындарды есептеу жұмыстары қолға алынды. Кіреберістер мен балкондарды қалпына келтіру, жөндеу жұмыстары басталып та кетті.

Оқиға орнында шатырлық қалашық бой көтерді. Ол жерде зардап шеккендерге №1-ші емхананың дәрігерлері, психологтар көмек көрсетіп жатыр. Жедел медициналық көмек бригадасы кезекшілік етуде және осы жерде гуманитарлық көмек көрсету пункті ашылды. «Дастархан» асхана желісі тұрғындарды үш мезгіл тамақпен қамтамасыз етуде.

№54-ші мектеп-гимназияда зардап шеккендерді уақытша қабылдау пункті ашылды.

Сондай-ақ, оқиға орнында Алмалы ауданы ІІБ тергеу-жедел тобы жұмыс істеп жатыр.