«Күнделікті «Қалалық ветеринариялық қызмет» КМК-нің 6 кезекші бригадасы қараусыз және қаңғыбас жануарларды аулау жұмыстарын жүргізеді. Биыл наурыз айына дейін ауланған жануарлар иелері табылғанға дейін және жаңа иелеріне берілгенге дейін 3 тәулік бойы қарауда болған. ҚР Ветеринария саласындағы Заңнамасына сәйкес, керексіз деп табылған жануарлар дәрі-дәрмекпен ұйықтатылған. 2 наурыздан бастап Қазақстан Республикасының «Жануарларға жауапкершілікпен қарау туралы» Заңының қабылдануына байланысты, қаңғыбас және қараусыз қалған жануарлардың санын реттеу тәртібі айтарлықтай өзгерді», - деді Ерлан Омаров.
Айтуынша, жаңа ережеге сәйкес, аса қауіпті жұқпалы аурулары және агрессия белгілері бар жануарларды қоспағанда, ауланған жануарларды жансыздандыруға тыйым салынады.
«Аулау жануарға жарақат салуды және мертігуді болдырмайтын гуманды тәсілдермен жүзеге асырылады. Адам мен жануардың өміріне немесе денсаулығына нақты қатер төнген жағдайларды қоспағанда, балалардың қатысуымен жануарларды аулауға жол берілмейді. Аулау жануарларға зиян келтірмейтін құралдармен, оқшауланған тұзақтарды, торларды, гельдік оқшаулағышы бар ілмектерді қолдана отырып жүзеге асырылады», - деп түсіндірді спикер.
Сондай-ақ, ол ветқызметтің қызметкерлері жаңа мамандандырылған формамен және тиісті үлгідегі бейджбен қамтамасыз етілгендігін айтты. Ауланған жануарларды тасымалдау мамандандырылған автокөлікпен жүзеге асырылады.
«Ауланған қаңғыбас және қараусыз қалған жануарлар уақытша ұстау пунктіне әкелінеді. Ауланған жануарларды қабылдау, жануарды есепке алуды қатаң түрде ветеринарлық дәрігер жүргізеді. Ветеринарлық дәрігер жануарлардың жарақаттары бар жоғын анықтау үшін клиникалық тексеру жүргізеді, таңбаның, микрочиптің болуын сканерлейді», - деп түйіндеді спикер.
Бұған дейін экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі үй жануарларын міндетті есепке алу 2023 жылдың 1 қыркүйегінен бастап енгізілетінін мәлімдеген болатын.