Алматыда бұзақының адамды ұрып-соғып өлтіргені бейнекамераға түсіп қалған

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда бұзақының адамды ұрып-соғып өлтіргені бейнекамераға түсіп қалған. Бұл туралы қалалық ІІД баспасөз қызметі хабарлады.

Оқиға Алматыда Қабанбай мен Жұмалиев көшелерінің қиылысындағы үйлердің маңында болған. Белгісіз жігіттің басқа бір ер адамды өлімші етіп сабап, оқиға орнына тастап кеткені көшедегі бейнекамералардың біріне түсіп қалған.

«Бірінші кезекте, біз бейнебақылауды қарауға кірістік. Камералардың біріне осы оқиға түсіп қалған. Арнайы топ күдіктінің жеке басын бірден анықтады. Ол осы жерде пәтер жалдап тұратын жігіт болып шыққан. Қазір ол өзінің кінәсін толығымен мойындады», - деді Алмалы аудандық ІІБ басшысы Асқар Болатов.

Естеріңізге сала кетейік, қазір Алматыда «Қауіпсіз қала» бағдарламасының екінші кезеңі аяқталып келеді. Қалада 7-ге тарта аулада 5 мың 834 бейнебақылау камерасы орнатылған. Бағдарламаның үшінші кезеңінде бейнебақылау жүйесімен қоғамдық орындар да қамтылады.