«Бюджетке қатысу» жобасы бойынша budget.open-almaty.kz. сайтында өтініш қабылдау 2020 жылдың қазанында аяқталды.
«Биыл қала тұрғындарынан жалпы сомасы 23,7 млрд теңге болатын 796 жоба түскен. Қорытындысында құны 10,7 млрд теңгені құрайтын 448 бастама дауыс беруге жіберілді. Жобалардың біреуін авторы қайтарып алды, сайтта барлығы 795 жоба бар. Былтыр 333 жобалық ұсыныс түскен. Біз екі есеге дейін өскенін көріп отырмыз», - деді Жанар Жазылтаева.
Спикердің айтуынша, өтініштердің көбі абаттандыруға байланысты.
Атап айтқанда, тротуарларды, пандустарды, арықтарды жаяу жүргіншілер аймағын, күркелерді жөндеу, жалпыға ортақ орындарда балалар және ойын, спорт алаңдарын орнатып, жарықтандыру, орындықтар мен қоқыс салғыштарды орнату бойынша ұсыныстар енгізілді.
281 жобаға рұқсат берілмеді. Себебі, олардың біразы жобалық ұсыныс санаттарына сәйкес келмеді, жалпы қолданыстағы нысан емес, жобалық ұсыныстарды жүзеге асыру аудан әкімі аппараттарының құзыреттілігінен тыс болып шыққан. Болмаса жұмыстар 2021-2022 жылдарға жоспарланған. Кейбіреуінде учаске жеке меншік, тұрғын үй кешенінің, бау-бақша серіктестігі аумағында орналасқан болып шықты.
Кейбір тұлғалар жеке коммерциялық сипаттағы ұсыныс айтқан.
«Аяқталмаған 60 жобалық ұсыныстарға қатысты айтар болсақ, авторлары нақтылап, қайтадан өз ұсыныстарын енгізуі үшін түзетуге жіберілді. Соған қарамастан, тұрғындардан жобалық құжаттамасын жасап, болмаса, қандай да бір есеп жүргізу талап етілмейді», - деп түсіндірді Ж.Жазылтаева.
Ол үшін сарапшы комиссия негізіндегі тиісті мамандар көмек көрсетеді.