Алматыда «Чернобыль АЭС-дегі ядролық апатқа 25 жыл» деген тақырыпта халықаралық дөңгелек үстел өтті

АЛМАТЫ. 12 сәуір. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Чернобыль АЭС-дегі ядролық апаттың зардабын жоюға қатысушыларға Қазақстанда әлі күнге дейін бірде-бір ескерткіш орнатылған жоқ. Бұл туралы бүгін Алматыда өткен «Чернобыль АЭС-дегі ядролық апатқа 25 жыл» деп аталатын халықаралық дөңгелек үстел жиынында айтты.

«Алматыда бірнеше жыл бұрын Чернобыль АЭС-дегі апатты жоюшыларға ескерткіш қойылатын жерге құзырлы орындардың рұқсаты алынды. Сондай-ақ ол ескерткіштің бірнеше үлгісі жасалды. Алайда оны салуға қажетті 70 мың АҚШ доллары көлеміндегі қаржыны ардагерлер өз күшімен таба алмай отыр», - дейді Чернобыль және локальды соғыс ардагерлері одағының президенті Рахым Әбдәкірімов.

Оның айтуынша, 1986 жылы 26 сәуірде Украинадағы Чернобыль АЭС-дегі ядролық апаттың зардабын жоюға бұрынғы Кеңес републикаларынан 600 мыңға жуық адам қатысқан. Олардың 31 743-і қазақстандықтар. Қатары күн санап кеміп келе жатқан олардың саны қазіргі кезде 4519 адам.

«Жастарға патриоттық тәлім-тәрбие беруде аға буынның бұл ерлігін ұмытуға болмайды. Оларға көрсетілетін құрмет көзі тірісінде жасалуы керек. Сондықтан тарихтың ұмытылмас бір кезеңінің белгісі ретінде чернобыльдік ардагерлерге ескерткіш қою мемлекеттің бір парызы болуы тиіс», - деген Рахым қажының сөзіне барлық ардагерлер қолдау көрсетіп отыр. Олардың пайымдауынша, бұл ескерткіш онсыз да әрбір күні санаулы чернобыльдіктерге ғана емес, олардың артында қалатын жас ұрпақ үшін қажет. Қазір үкімет орындары оларды бұл шараға бюджетте қаржы қарастырылмаған, сіздер демеушілерді өздеріңіз табуларыңыз керек дегенді айтуда. Ал кәсіпкерлер қаржының белгілі бір бөлігін ғана бере алатындарын айтып, қалған қаражатты үкіметтік органдар өз мойнына алуы керек деген ұсыныс жасап отыр.