Алматыда Чернобыльдегі ядролық апаттың 25 жылдығына арналған көрме ашылды
Көрменің ашылу салтанаты радиация апаттарының құрбандарын еске алу үнсіздігімен басталды. Шараға Чернобыльде болған апатты залалсыздандыруға қатысқан жауынгерлер, сонымен қатар, Украина, Ресей және Жапонияның Бас консулдары қатысты. Консулдар жер шарының жартысына төнген қауіпті, әлемдік көлемдегі ең үлкен апатты залалсыздандыруға қатысқан жауынгерлерге алғыстарын білдіріп, олардың әрқайсысы батыр атағына лайық деп атап өтті.
«Бүгін әр елде бұл ядролық апаттан зардап шеккен жандарды еске алуға арналған шаралар өтіп жатыр. Үлкен апаттың алды алынғанымен, қаншама жылдан бері одан келген зардаптар азаймады. Чернобыльда болған ядролық апаттың зардабын 1986 жылы Украина, Белоруссия, Ресей мемлекеттерімен қатар, Швеция, Норвегия, Польша, Ұлыбритания және Еуропаның көптеген басқа елдері, сондай-ақ Азияның бірқатар елдері көрген болатын. Апатты залалсыздандыруға 31 743 қазақстандық жауынгерлер қатысты. Алматы қаласынан 5 118 адам аттанған болатын»,- деп атап өтті Қазақстандағы Ресейдің Бас консулы Борис Мещанинов.
«Жуырда Жапонияның Фукусима атом стансасындағы жарылысқа байланысты 25 жыл бұрын болған қайғылы оқиға бүгін де өзекті болып отыр. Бүгінгі шара Чернобыль ядролық апаты құрбандарын еске алу күніне арналған», -деді ҚР ОММ директорының бірінші орынбасары Бейбітқали Қақабаев. Оның айтуынша, көрменің мақсаты - қазақстандық залалсыздандырушы жауынгерлердің қаhармандығы мен олардың әскери парызы мен патриоттық міндетін абыроймен өтегендігін дәріптеу болып табылады.
Көрмеге адамзат тарихындағы Хиросима және Нагасаки жарылысынан он есе күшті болған ең үлкен жарылыс - Чернобыль ядролық апатынан сыр шертетін суреттер қойылған. Фотоматериалдардың көпшілігі Алматы қаласындағы Украина Консулдығынан алынған.
Шара барысында «Чорний біль» деректі фильмі көрсетілді. Көрменің ашылу салтанаты концерттік бағдарламамен аяқталды.