Алматыда «Classic» радиосының 3 жылдығына арналған мерекелік концерт өтеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 18 маусымда, сағат 19.00-де Алматы қаласындағы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның Үлкен концерт залында «Қазақстан» телерадио корпорациясының құрамындағы классикалық музыка форматында хабар тарататын «Classic» радиосының 3 жылдығына арналған үлкен концерт өтеді, деп хабарлайды «Қазақстан» ТРК баспасөз қызметі.

«Classic» радиосы - классикалық толқын» атты кешке Қазақстанның Мемлекеттік үрлемелі аспаптар оркестрі, «Камерата Казахстана» мемлекеттік оркестрі, «Magic of Nomads» этно-джаз тобы, «Қазына» ансамблі мен Қазақстанда тұңғыш рет танымал музыкант, Скандинавияның жоғары бизнес мектебінің оқытушысы Михаил Казиник қатысады. Сондай-ақ, кеште оркестрлік шығармалар мен премьералар ұсынылады.

15 маусым күні Құрманғазы атындағы Мемлекеттік консерваторияның студенттері радионың 3 жылдығына флешмоб ұйымдастырып өткізді. Жас музыканттар - баяншылар, виолончелистер, ұрмалы және үрлемелі аспап шеберлері мен аралас хор өкілдерінен тұратын жас музыканттар тобы қазіргі заманға сай әрленген классикалық шығармаларды орындады. Флешмоб Орталық мәдениет және демалыс саябағында, Алматы әуежайында, Балуан Шолақ атындағы спорт сарайы алдында, 28 панфиловшы-гвардияшы саябағында, цирк ғимараты алаңында, "Арман" киноорталығы алдында, "Алматы-2" теміржол бекетінде және Арбатта өтті.

Естеріңізге сала кетейік, 2013 жылы Лондонда Халықаралық телерадиотаратушылар Ассоциациясы ұйымдастырған «AIBs Inspiring Creativity Awards» байқауында «Classic» радиосының «Классикомания» бағдарламасы «ең бірегей, ойын-сауық және дамытатын бағдарлама» деп танылып, арнайы дипломмен марапатталды.

2013 жылы Fashion TV Awards салтанатында «Classic» радиосына «Сәннен шықпайтыны үшін» жүлдесі табыс етілді.

«Classic» радиосы Алматы қаласында 102.8 жиілігінде және Астана қаласында 102.7 жиілігінде тәулігіне 24 сағат бойы хабар таратады.