Алматыда Д. Тұрлыхановтың жүлдесі үшін грек-рим күресінен республикалық турнир басталды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда «Достық» спорт кешенінде КСРО-ға еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанға еңбек сіңірген жаттықтырушы, Сеул Олимпиадасының күміс жүлдегері Дәулет Тұрлыхановтың жүлдесі үшін грек-рим күресінен 1999-2000 жылдары туған жасөспірімдер арасында дәстүрлі XVII-ші Республикалық турнир басталды.

Жарыстың ашылу салтанатында ең алдымен сөз алған Дәулет Болатұлының анасы Мәрзия апа жиналған қауымға бүгінгі жарысты тамашалауға келгендіктері үшін ризашылығын білдіріп, жас балуандарға сәттілік тіледі.

«Біздің отбасы үшін боз кілемнің орны ерекше. Дәулетім 6-шы сыныптан бастап күреспен мықтап айналыса бастады. Талай шыңдарды бағындырды. Қазақстанның әлемге танылуына Дәулетімнің де еңбегі бар. Бұл үшін әрине оның жаттықтырушыларына айтар алғысым шексіз. Жас балуан балаларыма сәттілік тілеймін. Дәулетімнің жолын берсін!», - деді Мәрзия Тұрлыханова.

Өз кезегінде грек-рим күресінен Мәскеу Олимпиадасының чемпионы Жақсылық Үшкемпіров осындай турнирлерді ұйымдастырудың маңыздылығына тоқталды. 

«Біз дарынды, жас балуандарды дайындауымыз керек. Олар жайдан-жай пайда бола салмайды. Бұл үшін осындай турнирлер өте қажет. Болашақ Олимпиада чемпиондары осындай жарыстарда шыңдалады. Сондықтан жас балуандарға және алдағы Рио Олимпиадасына баратын балуандарға сәттілік тілеймін. Алтыннан алқа тағатындарына үміт артамын», - деді Ж. Үшкемпіров.

Ал турнир иесі, даңқты балуан Дәулет Тұрлыханов бүгінгі жарыс жас балуандардың тойы екендігін жеткізді.

«Біз осындай жарыстарда шыңдалдық. Жеңіске деген құштарлығымыз артып, азамат болып өстік. Елімізде әлі талай чемпиондар шығады деп сенемін. Грек-рим күресі - күрестің ішіндегі ең әдемісі. Кезінде Қажымұқан бабамыз да классикалық француз күресімен айналысып, аты әлемге танылды. Елімізде бірінші Олимпиада чемпионы Анатолий Колесов, екі дүркін Олимпиада чемпионы Валерий Рязанцев, Олимпиада чемпиондары Жақсылық Үшкемпіров, Юрий Мельниченко барлығы да грек рим күресінің балуандары. Сондықтан, Олимпиаданың жеңіс тұғырына әлі талай даңқты балуандырымыз шығатына сенемін», - деді Д. Тұрлыханов.

Бүгінгі жарысқа барлық 14 облыс пен Астана, Алматы, Түркістан, Жаркент, Павлодар қалаларынан құрамында 240 балуан бар 24 команда қатысуда. Әр командада 10 балуаннан бар. Екі күнге созылатын жарыста олар 42 келі, 46 келі, 50 келі, 54 келі, 55 келі, 63 келі, 69 келі, 76 келі, 85 келі және 100 келі салмақ дәрежелерінде өнер көрсететін болады.

Жеңімпаздар дипломадр, грамоталар және бағалы сыйлықтармен марапатталады.