Алматыда Даму жөніндегі ақпарат орталығы ашылды

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 24-і ҚазАқпарат /Мұсахаев Әділет/ - Бүгін Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасында Қазақстанда жұмыс істейтін ең ірі бес халықаралық ұйымның Даму жөніндегі ақпарат орталығының (ДАО) ашылуы болды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Атап айтқанда, олар: Азия Даму банкі (АДБ), Дүниежүзілік банк (ДБ), Еуразия даму банкі (ЕАДБ), Ислам Даму банкі (ИДБ) және Біріккен Ұлттар Ұйымы (БҰҰ)

Орталық ҚР Ұлттық кітапханасымен серіктестікте ашылған. ДАО-ның түбегейлі мақсаты Қазақстан азаматтарының өмір сүру жағдайларын жақсарту үшін жұмыс істейтін халықаралық ұйымдардың озат тәжірибесі мен жинаған білімін қалың бұқараға жеткізу болып табылады. Орталық баршамызға даму саласындағы білімге тегін әрі ашық қол жеткізімділік пен халықаралық ұйымдардың қазіргі заманғы ұдайы жаңарып отыратын қорын пайдалануға мүмкіндік береді.

Ашылу салтанатына мемлекеттік сала, ғылыми сала, оқу орындарының, кітапхана, мұрағат, мұражай, ҮЕҰ және халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысты.

ДАО-ға кірушілер ақпарат іздестіруде кеңес пен көмек алып, ғаламторға тегін кіре алады. Сондай-ақ ДАО жиынтығында даму мәселелеріне қатысты экономикалық шолу, салалық зерттеу, жобалық құжаттама және Қазақстанда қызмет атқаратын көптеген халықаралық ұйымдардың есептері бойынша және шетелдік баспалардан шыққан басылымдарды, мультимедиялық материалдарды ала алады.

«Бұл бірлескен ақпараттық құрылым дүниежүзілік дамудың ең маңызды мәселелері бойынша жаңа ақпараттар алудың қажетті орталығына айналатынына күмән жоқ», дейді ҚР Аса маңызды істер жөніндегі  Төтенше және Өкілетті елші Ақмарал Хайдарқызы.