Алматыда дәрі-дәрмек пен бетперде жеткілікті – Бақытжан Сағынтаев

Фото: None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда халықаралық стандарттарға сәйкес коронавирус инфекцияның алдын алуға арналған нақты шаралар қабылданды. Бұл туралы қала әкімі Бақытжан Сағынтаев желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қала басшысының айтуынша , әуежай мен теміржол вокзалдары арқылы туристік және миграциялық лек өтетіндіктен жолаушыларды тексеру күшейтілді. Әуежайда коронавирус күдігі бар ауруларды оқшаулау үшін арнайы карантин палаталары ашылуда. Вирус тараған өңірлерден ұшып келген барлық рейстер ерекше бақылауға алынған.

Инфекцияны әкелу мен таратуды ескерту бойынша эпидемияға қарсы және санитарлық-профилактикалық шараларды жүзеге асырудың ведомствоаралық жоспары жасалды. Алматы әуежайының санитарлық-карантиндік пунктімен бірге оқу-жаттығу сабақтары өтті.

Қаланың медициналық ұйымдары мен медициналық қызметкерлері коронавирус инфекциясына күдіктелген ауруларды қабылдауға дайын. Дәрі-дәрмектің қажетті қоры жеткілікті, олардың ішінде парацетамол, ибупрофен, глюкоза ерітіндісі, физоерітінділер, преднизолон, дексаметазон, гепарин, контрика, сонымен қатар антибактериалды және вирусқа қарсы препараттар мен дезинфекциялық заттар бар.

Қаланың медмекемелерінде 690 мыңнан астам, ал резервте 1,3 млн бірреттік бетперде бар.

Қалалық инфекциялық ауруханада 20 төсегі бар бокс және жансақтау бөлімі ашылған. Егер жағдай күрделенетін болса, онда № 1 қалалық клиникалық ауруханада қосымша 200 төсек, № 2 балалар ауруханасында 20 төсек қосымша дайындалатын болады.

Алматы бойынша +7 (727) 382-35-36, 382-33-50 телефондары, Денсаулық сақтау министрлігінде 1406 нөмірі бойынша қауырт желі ұйымдастырылған.