Алматыда дәрі-дәрмектің тұрақтандыру қорын құру үшін 10 млрд теңге бөлінді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда клиникалар мен дәріханаларда дәрі-дәрмек тапшылығының алдын алу үшін бірқатар жұмыстар атқарылып жатыр. Бұл туралы Орталық Коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бақытжан Сағынтаевтың айтуынша, тұрақтандыру қорын құру үшін 10 млрд теңге бөлінді. Оның 5 млрд теңге ауруханалар мен емханаларды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге, 5 млрд теңге дәріханаларды дәрілік препараттармен үздіксіз қамтамасыз етуге арналған. Бүгінгі таңда 68 атау бойынша азайтылмайтын 8 млн дәрілік препараттың қоры бар.

Сонымен бірге, жеке қорғаныш құралдарының екі айлық қоры құрылған. 4,7 млн жеке қорғаныс құралдары бар, «СК-фармациядан» 4,6 млн жеке қорғаныс құралдары келіп түседі. Сонымен қатар, қалада күнделікті қуаты 1 млн бірлікті құрайтын медициналық маска өндірісі жолға қойылған.