Алматыда «Дарынға ғасыр бас иеді» атты шығармашыл жастардың фестивалі өтуде

АЛМАТЫ. Қазанның 22-сі. ҚазАқпарат / Әділет Мұсахаев/ - Алматыда ҚР Тұңғыш Президенті қоры «Дарынға ғасыр бас иеді», атты шығармашыл жастар фестивалін өткізіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Іс-шараның басты мақсаты - ұлттық мәдени құндылықтарды насихаттап, талантты шығармашыл жастарды, яғни студенттерді, жас суретшілерді, фотографтарды, жас ақындарды, кинематографистерді қолдап, шығармашылықта өсуге жол ашып, дамыту. Сонымен қатар шығармашыл ұжымдардың басқа да ұжымдармен жан-жақты байланыс орнатуын қарастыру және қатысушылардың ары қарай дамуларын мотивациялап, кәсіби деңгейлерін көтеру», дейді аталмыш қордың Атқарушы директоры Бектас Мұхамеджанов.

Шара барысында «Қала және дизайн» көрмесі, «Дала аңызы - о, Алдар» спектаклі, қолданбалы өнер жәрмеңкесі, жас суретшілер мен фотографтардың көрмесі, кинематографистердің кинофильмдері көрсетіліп, қазақстандық жас ақындар мен прозашылар жинақтарының тұсаукесері болды. Сондай-ақ Т. Жүргенов атындағы ҚазҰӨА бітіруші түлектердің дипломдық жұмысты іске асыруға бөлінген гранттарды жеңіп алған жеңімпаздардың дипломдық жұмыстары көрсетілді.