Алматыда дәстүрлі «Баспалдақ - 2009» атты денсаулық акциясы өтпек

АЛМАТЫ. Қыркүйектің 11-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/- Алматыда қыркүйек айының  13-ші күні сағат 10.00 - де  «Қала күні» мерекесіне орай  Райымбек батырға арналған XXІ - ші «Баспалдақ - 2009» атты дәстүрлі акция өтеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Шара Алматы қаласы әкімдігі,  Туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы, Халықтық - ұлттық спорт түрлері және бұқаралық сауықтыру - дене шынықтыру клубы және Медеу ауданы әкімінің аппараты мен  «Вечерний Алматы» газетінің қолдауымен  ұйымдастырылуда.

Дәстүр бойынша, жарыста баспалдаққа жүгірумен қатар, биыл қосымша 20 түрлі халықтық-ұлттық және бұқаралық спорт түрлерінен жарыстар да өткізілмек. Атап айтқанда, «Арқан тарту», «Тымақ ұру», «Қол күресі», «Гір спорты», «Сағат», «Ауырлық көтеру», «Дартс», «Шеңберді айналдыру», «Секіргіш», «Екі тентек», «Батыр», «Робин Гуд», «Асық мерген», «Саусақ күрес», «Белбеу күресі», «Күлкі боксы», «Кеудені жерден көтеру», «Ләңгі» сияқты тағы да басқа спорт түрлерінен  жарысқа қатысушылар бақтарын сынайды.

Жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлері -бағалы жүлделер мен мақтау қағаздарымен  марапаталады.

Ұйымдастырушылар салауатты өмір салтын насихаттауға, осы іс - шараға қатысуға ат салысып,  үлес қосуға шақырады.