Бұл туралы қайырымдылық балдың Құрметті комитетінің төрағасы Нұртай Әбіқаев сенбі күні Алматыда балдың ашылу салтанатында айтты. "Шараны өткізуден түскен табыстың бір бөлігі Қазақстандағы ЮНИСЕФ бағдарламаларын қолдауға бағытталатын болады. Нақтырақ айтқанда, біз мүмкіндіктері шектеулі балаларға көмектесе аламыз", - деп атап өтті Нұртай Әбіқаев.
Алматы қаласының әкімі Ахметжан Есімов балдың басқа қалада емес, Алматыда осымен екінші рет өткізілуі жақсы дәстүрге айналды және ол қаламыздың ірі қоғамдық маңызы бар оқиғасына айналды, деп атап өтті. "Бұл керемет жоба тек қана жоғары мәдениеттілікке бастап қоймайды, сонымен қатар, мүмкіндігі шектеулі балаларды қолдауға бағытталған қайырымдылыққа шақырады. Біздер, ересек адамдар үшін бала - өмірдің басты мәні мен байлығы емес пе!? Әлемде баланың қуанышы мен күлкісіне жететін қымбат нәрсе жоқ", -деді қала басшысы.
Қазақстандағы ЮНИСЕФ балалар қорының өкілі Ханаа Сингердің айтуынша, балдың ерекшелігі мен бірегейлігі - шарадан түскен қаражаттың бір бөлігінің ЮНИСЕФ бағдарламаларын қолдауға бағытталатындығы, яғни ата-ана қамқорынсыз қалғандарға, мүмкіндігі шектеулі балаларға, әр түрлі зорлық-зомбылық көргендерге үлкен көмек көрсетілетіндігі. "Қазақ халқы бала дүниеге келгеннен бастап, өз балаларын қамқорына алып, әлпештеген, жақсы қараған. Бұрындары ешқашан тастанды балалар болмаған. Бұл дәстүрлердің тамыры ағайындық, туыстық пен жанұялық байланыстардың берік негізінде жатыр. Бір де бір бала тастанды болып өспес үшін, біз бұл дәстүрді жаңғыртуымыз керек. Бұл ретте корпоративтік сектор жас ұрпақтың әлеуметтік жауапкершілігі мен ықпалдастығын артыру да шешуші рөл атқарады",-деді Х. Сингер.
Бал дәстүрлі түрде дебютанттардың салтанатты полонез биімен ашылды. Франциядан арнайы келген, балдың бас балетмейстері Гедеминас Таранданың бұл қойылымы қонақтар көңілінен шықты. Мемлекеттік симфониялық оркестрді басқарған Мариус Стравинский мен Ваг Папянның музыкалары кештің ажарын ашып, тыңдармандардың көңілін баурады. Кеште италияндық тенор Алессандро Сафина мен еліміздің халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, сонымен қатар Эльвира мен Әльфия Нақипбековалар, «Touch & Go» поп-джаз-ұжымы мен «The Apples» тобы өнер көрсетті.