Алматыда дауыс берушілер саны өткен науқандарға қарағанда көп болады - Б. Доспанов

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат- Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бақытжан Доспанов ертең - 26 сәуір күні болатын кезектен тыс Президент сайлауына Алматы қаласының дайын екендігін мәлімдеді.

Ол өз сөзінде алдымен Алматы қаласында кезектен тыс Президент сайлауын ұйымдастыру құрылымымен таныстырды.

Қалалық сайлау комиссиясының қарамағында сегіз аудандық сайлау комиссиясы бар. Ал оларда 513 сайлау учаскелері ұйымдастырылған. Биылғы науқанның жұмыстарына 3600-ден астам адам жұмылдырылыпты. Әрбір сайлау комиссиясы жеті адамнан тұрады. Олардың арасында әр түрлі партиялар мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері бар. Қазіргі таңда Алматыға келген шетелдік бақылаушылардың саны 80-нен асты. Олардың ішінде Еуроодақ, Азия және ТМД елдерінен, сондай-ақ АҚШ-тан келген мамандар бар. ЕҚЫҰ өкілдері де сайлау науқанына бақылау жүргізетін болады.

Сонымен қатар, Бақытжан Доспанов сайлаушылардың сайлауға келу деңгейінің қандай болатындығына да тоқталып өтті.

«Өткен науқандарда сайлаушылардың келу деңгейі аудандарда 70 пайызды құрады. Биыл да бұдан кем болмайды. Сол, 65-70 пайыз болатын шығар деп ойлаймын. Алматы үшін бұл әжептеуір жоғары көрсеткіш. Тіпті батыс елдерінде орташа статистикалық мәліметтер бойынша сайлаушылардың келу деңгейі көп жағдайда 30-50 пайызды құрайды. Соған қарамастан ол жақта мұндай сайлау жарамды деп саналады» - деді ол.

Бұдан басқа, Алматы қаласының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы қалалық Ішкі Істер департаменті сайлаудың қауіпсіздік жағын толығымен қамтамасыз ететіндігін жеткізді.

«Кеше полиция қызметкерлерімен бірге барлық бюллетеньдерді учаскелерге таратып шықтық. Биыл кезектен тыс Президент сайлауында дауыс берушілер саны өткен сайлауларға қарағанда көп болайын деп отыр. Барлығы - 1 млн. 28 мың адам. Өткен сайлауда ресми мәліметтер бойынша 954 мың адам дауыс берген болатын. Ертең дауыс беру кешкі сағат 20:00-де дейін жалғасады» - деді Б. Доспанов.

Бұдан басқа Бақытжан Доспанов сайлау өткізу туралы хабар таратылған күнен бастап күні бүгінге дейін қыруар жұмыстар атқарылғандығын айтты. Мысалы сайлау учаскелеріне мекенжайлар әзірленген. Үміткерлерге эфир уақыты белгіленді. Үгіт-насихат материалдары дайындалып, таратылды. Билбордтар әзірленді.

«Кандидаттарға тең жағдай жасалғанын да айта кеткен жөн. Және ең бастысы, барлық сайлаушылардың үйіне шақыру билеттері таратылды. Онда сайлауды өткізу уақыты мен сайлау учаскелерінің мекенжайлары жазылған. Бұл өзінің оң нәтижесін береді деген үміттемін» - деді ол.