Алматыда дене тәрбиесі туралы халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Қазанның 15-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін Алматыда "Дене тәрбиесі және елдің бәсекелестікке қабілеттігі" деген тақырыппен халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтіп жатыр. Оны ұйымдастырған Білім және ғылым, Туризм және спорт министрліктері мен ҚР Ұлттық олимпиадалық комитеті, Дене тәрбиесінің ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығы және Қазақтың Абай атындағы ұлттық педагогикалық университеті.

"Мақсат - отандық және халықаралық тәжірибе негізінде Еуразиялық қоғамдастық елдерінде олимпиадалық ізбасарларды даярлау мәселелеріне ТМД елдерінің дене тәрбиесі мен спортты дамыту салаларындағы ғылыми қызметкерлерін жұмылдыру. Пленарлық және секциялық мәжілістерде 150-ден астам баяндамалар мен хабарламалар тыңдалып, мәселерді шешу жолында нақты ұсыныстар дайындалады деп жоспарланып отыр",- дейді конференция төрағасы, Педагогика ғылымының докторы Меркижан Қошаев.

Дене тәрбиесінің ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының Бас директорының айтуынша, конфереция жұмысы 4 секция бойынша жүреді. Олардың тақырыбы - "Дене шынықтырудың теориялық-әдістемелік негіздері", "Спорттық жаттығуды дәрігерлік-биологиялық жағынан қамту", "Спорттық жаттығудың теориясы мен әдістері", "Оқушы жастар дене тәрбиесінің инновациялық түрлері мен құралдары" деп аталады.