«Бүгінгі «Денсаулық күні» фестивалі бірінші кезекте саламатты өмір салтын насихаттауға және жастарды спортқа тартуға арналды. Өйткені, дәл осындай ауқымды шаралар жастарды тәртіпті болуға, Отан алдындағы жауапкершіліктерін сезінуге итермелейді. Спортпен айналысатын және елеулі жетістікке қол жеткізген адам, өмірде де жақсы азамат болуға тырысады», - деді Алмалы аудандық әкімдігі аппаратының Мәдениет және тілдірді дамыту бөлімінің бастығы Ләззат Мәмедова.
Өз кезегінде Алматы полиграфия колледжінің директоры Біләлдин Ахметов осындай ауқымды шаралар жастарды патриотық рухта тәрбиелеуде маңызды рөл атқаратындығын жеткізді.
«Баланың жаманы жоқ. Баланың барлығы жақсы. Тек педагогтар жүрегіне жол таба алмаған балалар болады. Ал егер жол тапсаң, олардың ерекше дарынды балалар екендігіне көз жеткізесің. Бұл жерде баланың жүрегіне жол табуда ұлттық спорт ойындарының орны ерекше. Сол үшін де жастарды патриоттық рухта тәрбиелеу - бүгінгі фестивальдің басты мақсаттарының бірі. Бұл фестивальде бірінші орын алу міндетті емес. Ең бастысы - қатысу», - деді Б. Ахметов.
Айта кетелік, бүгінгі фестиваль аясында жастар Халықтық-ұлттық спорт түрлері және бұқаралық-сауықтыру дене шынықтыру клубының қолдауымен 20-дан астам ойын түрлері бойынша бақтарын сынады. Олардың ішінде - гладиатор, қол күресі, теннис, шағын футбол, бұқа тартыс, баскетбол, дартц, секірме, кедергілерден секіріп өту, волейбол, қаппен секіру, гір көтеру, асық ату және тұмақ ұру ойындары бар.
Ал ойындарға қатысу бойынша ешқандай шектеу қойылмады. Шара барысында колледж оқушылары ойындар бойынша курсқа бөлініп те жарысты. Шара соңында колледж оқушылары мен оқытушылар құрамы арасында футбол ойыны өткізілді. Жеңімпаздарға естелік сыйлықтар мен мақтау қағаздары табысталды.
Айта кетелік, Алматы қалалық Дене шынықтыру және спорт басқармасы жанындағы Халықтық-ұлттық спорт түрлері және бұқаралық-сауықтыру дене шынықтыру Клубы, Алмалы аудандық әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының Алмалы қалалық филиалының ұйымдастыруымен өткізілген бүгінгі шара ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы, Алматы қаласының 1000 жылдығына және Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясын жүзеге асыруға бағышталды.
Енді «Денсаулық күні» фестивалі басқа да колледждерде жалғасын табады.