Алматыда денсаулық сақтау саласында төрт нысанның құрылысы жүріп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгінде Алматыда денсаулық сақтау саласының төрт нысанына құрылыс және сейсмотұрақтылықты күшейту жұмыстары жүріп жатыр. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингіде Алматы қаласы құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Ұлан Оңалбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаламызда жергілікті атқарушы органдар денсаулық сақтау жүйесін дамытуға ерекше көңіл бөледі, халыққа медициналық көмек көрсету бойынша белсенді жұмыс жүріп жатыр. Емханалар мен ауруханалар заманауи медициналық және технологиялық жабдықтармен жабдықталған. Бүгінде денсаулық сақтау саласында төрт нысанның құрылысы және сейсмотұрақтылықты күшейту жұмыстары жалғасып жатыр», - деді Ұлан Оңалбаев.

Оның айтуынша, шаһарда балалар жедел медициналық жәрдем орталығының қабылдау бөлімшесінің жаңа корпусы, «Кемел», «Мамыр» шағын аудандарында 200 орынды отбасылық-дәрігерлік амбулаториясы салынып жатыр.

Сонымен бірге, биыл «Нұршашқан», «Қарасу», «Саялы» шағынаудандары мен Айбасов көшесінде орналасқан отбасылық-дәрігерлік амбулаториялардың құрылысы басталады.

«Тамыз айында «Айнабұлақ» шағынауданындағы №11 қалалық аурухана ғимаратының сейсмотұрақтылығын күшейту жұмыстары аяқталды. Биыл 80 мың төсек-орынды №7 қалалық клиникалық аурухананың қабылдау бөлмесі пайдалануға берілді», - деді спикер.