Алматыда денсаулық сақтау және стоматология бойынша «KIHE » 2009 көрмесі ашылды
15:54, 13 Мамыр 2009
АЛМАТЫ. Мамырдың 13-і. ҚазАқпарат /Таңжарық Ілиясұлы/ - Бүгін Алматыдағы «Атакент» іскерлік көрме-сауда орталығында Қазақстан мен Орталық Азия елдеріндегі ең ірі денсаулық сақтау және стоматология бойынша «KIHE » 2009 көрмесі ашылды,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Көрмені халықаралық ITE Group Pik (Ұлыбритания), GIMA (Германия) және EUF (Түркия) компаниялары мен қазақстандық Iteka көрме компаниясы бірлесіп ұйымдастырған.Биыл 16-шы рет өткізілген дәстүрлі көрмеге 18 елден 150-ге жуық компания атсалысуда. Олардың арасында Беларус, Германия, Мысыр, Иордания, Үндістан, Қазақстан, Қытай, Литва, Ресей, Сауд Арабиясы, Сингапур, АҚШ, Түркия, Финляндия, Франция, Чехия, Швейцария, Жапония елдерінің ең ірі компаниялары бар.Көрмеде биыл бірнеше жаңа тауарлардың таныстырылымы өтпек. Олардың қатарында француздың «Medicalexpand» компаниясынан реанимацияға арналған материалдары, ресейлік «Тритон Электроник Систем» фирмасының жабдықтары бар. «Бүгінгі көрмеде әлемдік медицинадағы озық технологиялар көрсетіліп жатыр. Сондықтан ең үздік көрме ретінде атау қажет», - дейді «Медтехника» АҚ коммерциялық директоры А.Колесов.