Алматыда деректі кино өнерінің негізін қалаушы О. Әбішевтің 100 жылдығы атап өтілді

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Абай атындағы Мемлекеттік академиялық опера және балет театрында Қазақстанның деректі кино өнерінің негізін қалаушы, Қазақ КСР-нің халық артисі Ораз Әбішевтің 100 жылдық мерейтойына арналған еске алу кеші болып өтті.

Оған Ораз Әбішевтің балалары мен немерелері, туған-туыстары,  шәкірттері, отандық және ТМД-ның бірқатар елдерінен келген кинематография саласының майталмандары, Қазақстанның  мемлекет және қоғам, мәдениет және өнер қайраткерлері қатысты.

«ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында белгілі кинорежиссер, продюсер Сергей Әзімов Ораз Әбішевтің өз заманының рухын, жан-дүниесін, шынайы бейнесін бере білген ұлы суреткер екендігін айтты.

«Әбіш аға өз халқының рухани өмірімен, мәдениетімен етене жақын болды. Ол қарапайым еңбек адамдарымен қатар, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев, Қажымұқан, Талғат Бигелдинов секілді қазақтың ұлы тұлғалары туралы да баға жетпес құнды фильмдер түсірді. Бұл туындылар қазақ халқының алтын қазынасы. Өскелең ұрпақ 20-шы ғасырдың орта шенінде, екінші жартысында қазақ халқының қалай өмір сүргенін Ораз ағаның деректі фильмдері арқылы да білетін болады», - деді С. Әзімов.   

Өз кезегінде Ораз Әбішевтің ұлы Қанат Әбішев әкесінің өз ісіне шексіз берілген қарапайым адам болғандығын жеткізді.

«Әкеміз өте қарапайым жан болатын. Достары оны қарапайымдылығы және әділдігі үшін жақсы көретін. Ол өте еңбекқор еді. Үнемі жұмысын ойлап жүретін. Ал отбасына аз көңіл бөлуге мәжбүр болды. Бірақ біз бұған түсіністікпен қарайтынбыз және әкемізді өте жақсы көретінбіз», - деді ол. 

Ал еске алу кеші барысында Ораз Әбішевтің отбасына ҚР Мәдениет және спорт министрі, Қазақстан халқы Ассамблеясы, Алматы қаласының әкімі  Бауыржан Байбектің атынан және басқа да қоғамдық ұйымдар тарапынан жолданған құттықтау хаттар табыс етілді. 

Сонымен қатар, сахнаға шақырылған КСРО халық артисі Асанәлі Әшімов, Ресейдің белгілі кинорежисері Алексей Ханютин, Өзбекстанның белгілі кинорежиссері Шұхрат Махмұдов және белгілі қырғызстандық кинорежиссер Ақтан Арым Қуат өз пікірлерін білдірді.  

Асанәлі аға: «Қазақ халқы тұрғанда артына мәңгі өлмес мұра қалдырған Ораз Әбішевтың мерейтойлары әлі де тойлана береді», - десе, ресейлік қонақ: «Ораз Әбішевтің қайталанбас туындылары бүкіл Кеңес одағына танымал болды. Сондықтан, бұл мереке отбасының және қазақ кинематографистерінің ғана емес, біздің де - бұрынғы Кеңес одағы республикалары үшін де, Ресей кинематографистері үшін де мереке», - деді.

Кеш барысында Ораз Әбішевтың деректі кинофильмдерінен үзінділер көрсетілді және танымал әншілер, опера және балет театрының солистері мен бишілері, Құрманғазы атындағы халық аспаптары оркестрінің қатысуымен концерттік бағдарлама ұйымдастырылды.

Айта кетелік, Қазақстанның деректі кино өнерінің негізін қалаушы, Қазақстанның халық артисі Ораз Әбішев 1916 жылы 1 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысының Абай ауданындағы Қайнар ауылында туған. 2013 жылы 97 жасында дүние салды. Көзінің тірісінде 70-тен астам деректі фильм, 300-ге жуық киножурналдар шығарған. Олардың ішінде Қажымұқан, Дина Нұрпейісова, Кенен Әзірбаев, Талғат Бигелдинов  сынды ұлы тұлғалар, сондай-ақ, атақты Абсент жылқысы, Арал теңізі, Бекет ата мешіті туралы фильмдерді атауға болады.