Алматыда Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына арналған салтанатты кеш өтті

None
АЛМАТЫ. 6 желтоқсан. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Абай атындағы опера және балет театрында Алматы қаласы әкімдігінің мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен Қазақ ССР-ның халық әртісі,

атақты домбырашы, күйші, халық сазгері, ұлы Құрманғазының шәкірті Дина Нұрпейісованың 150 жылдығына арналған салтанатты кеш болып өтті.

Ғасыр саңлағының 150 жылдығына арналған кешке елімізге танымал өнер шеберлері мен күй саңлақтары, Дина Нүрпейісованың бүгінгі ізбасарлары -күйші Айгүл Үлкенбаева, Дина Нұрпейісова атындағы күйшілер сайыстарының әр жылғы жеңімпаздары Асылай Әпенова, Сабира Бибатырова, Ақтоты Дүйсебаева, Арайлым Шалабаева, Алмагүл Зейдуалиева, сондай-ақ Дина өнерін жалғастырушы жас ұрпақ - «Көкіл» музыка мектеп-колледжі мен К.Байсейітова атындағы музыка мектебінің жас дарындары қатысты.

Кеште халқымыздың шын мәніндегі мақтанышына айналған дәулескер күйшінің «Көген түп», «Он алтыншы жыл», «Байжұма», «Қарақасқа ат», «Бұлбұл», «Өтті дәурен», «Отан», «Жігер», «Әсем қоңыр» «Қазақстан» және т.б. шоқтығы биік күйлері орындалды.

Той шымылдығы Құрманғазы атындағы Мемлекеттік академиялық ұлт аспаптар оркестрінің орындауындағы Дина Нүрпейісованың «Той бастар» күйімен ашылды.

Ашылу салтанатында Алматы қаласы әкімінің орынбасары Серік Сейдуманов Дина Нұрпейісованың 150 жылдығы елімізде кеңінен аталып жатқандығын және бауырлас Түрік елінде мерекеленгенін атап өтіп: «Құрманғазыдан тәлім алған еліміздің біртуар таланты Дина Нұрпейісова өзінің шығармашылығымен барша халқымызды күй өнерінің қуанышына бөледі. Күйшінің туындылары ұлттық музыкалық бояуымен, терең мазмұнымен дараланған. Дина Нұрпейісова шығармашылық жолында халқымыздың музыка өнеріндегі өткені мен бүгінін сабақтастырып, елінің арман-аңсарын, үміт-тілегін абыроймен арқалады. Дара күйшілігімен, талантты туындыларымен Дина Нүрпейісова қазақ күйлерінің өрісін ұзартып, өресін биіктетті. Бүгінгі күні дарынды композитордың қарымды өнері халқымыздың рухани өміріне зор үлесін қосып, ел қазынасының «Алтын қорына» еніп отыр»,-деді.

Кеш барысында өнерсүйер қауым күйші - композитор жайлы фильмнен үзінді тамашалап, Дина Нұрпейісованың дауысы жазылған таспаны тыңдады.