19:03, 16 Сәуір 2009
Алматыда Дінмұхамед Қонаев ескерткіштерінің көрмесі өтеді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Алматыда сәуірдің 18-і күні «Республика бойынша Д.А. Қонаевтың ескерткіштері» атты көрме өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат. Д. Қонаев мұражай-үйінде өтетін бұл шара Ескерткіштер мен тарихи орындарды халықаралық қорғау күніне орайластырылып отыр. Оған еліміздің түкпір-түкпіріндегі Дінмұхаммед Ахметұлының 13 мүсінінің суреті қойылмақ. «Кеңестік дәуірде 2 мәрте Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған адамдарға туған жерінде қоладан мүсін қойылатын. Бұл мәртебелі атаққа Д. Қонаев 1976 жылы екінші рет ие болғаннан кейін 1977 жылы арнайы Үкімет қаулысы қабылданып, ең алғашқы мүсін 1978 жылы Алматыдағы қазіргі Қонаев пен Бөгенбай батыр көшелерінің қиылысына қойылды. Жалпы Д. Ахметұлы мүсіндерінің сегізі - Алматы облысында, үшеуі - Алматы, Тараз, Шымкент қалаларында, ал қалғандары өзге облыстарда орналасқан», - дейді мұражайдың ғылыми қызметкері Гүлмира Бекмұратова. Оның айтуынша, аталмыш шара кезінде «Ескерткіштер ешқашан ескірмесін» тақырыбында дөңгелек үстел жиыны да ұйымдастырылмақ. Оған Д. Қонаев басшылық жасаған кезде Алматыдағы сәулет-құрылыс нысандарын салуға атсалысқандар қатысады деп жоспарланып отыр.