Алматыда «Донор күні» акциясы аясында 13,5 литр қан тапсырылды

АЛМАТЫ. Қазанның 20-сы. ҚазАқпарат /Ернар Бекен/ - Алматы қалалық қан орталығының базасында «Донор күні» қайырымдылық акциясы өтті.

Бұл шараға отыздан астам адам қатысып, орталықтың қан банкіне барлығы 13,5 литр қан тапсырылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат Бостандық ауданы әкімшілігінің аппараты таратқан ақпаратқа сілтеме жасап.

Ресми деректерге сүйенсек, соңғы 10 жыл ішінде донорлар саны елеулі кеміп кеткен. Ауруханалардың емделушілерді сауықтыру үшін қажетті қан препараттарына сұранысы тек 15-25 пайызға ғана қанағаттандырылады екен. Алматының қалалық қан орталығының мәліметтері бойынша, шаһарға қазіргі кездегі қажеттіліктен 5 есе артық донорлық көмек керек.

Айта кетелік, ғаламшарымыздың әрбір үшінші тұрғыны өмірінде кем дегенде бір рет қан құйдыртуға мәжбүр болады екен. Сондай-ақ донорлық қансыз өмір сүре алмайтын адамдар тобы да кездеседі. Үнемі қан тапсырып отыратын жанашыр жандардың көмегі қашан да аздық етеді, сондықтан аталған акция кезінде келген белсенді қан тапсырушыларды дәрігер мамандар үлкен қуанышпен қарсы алды.

Донорлық қанға онкологиялық аурулары бар жандар аса мұқтаж. Қатерлі ісік бұрын емі жоқ дерт болып келсе, бүгінде одан донорлық қандарды, соның ішінде тромбоциттерді пайдалану арқылы айығу мүмкіндігі туып отыр. Бұндай жандарға тек қан тобы сәйкес келетін адамдар ғана қол ұшын бере алады.

Қан құю бұған қоса босану кезінде де қажет болуы мүмкін. Сонымен қатар дертті балаларға, гемолиттік аурумен дүниеге келген сәбилерге қанның құрамдас бөліктерін құю арқылы емдеу практикада кездеседі.