Фестивальде тағамдардың дегустация көрмесі өтті. Әр тағамның қалай жасалатыны айтылды. Әр этномәдени бірлестіктің шығармашылық ұжымы концерттік бағдарлама дайындаған.
«Біз бүгін 9 түрлі тамақ дайындадық. Себебі, 9 саны Қытайда ұзақ өмір, өркендеуді білдіреді. Біздің үстелде амандық пен сәттілікті білдіретін балық бар. Балық бізде барлық жиындарда қойылады, өйткені жақсы нәрсенің бастамасы дегенді түсіндіреді. Тұшпара-отбасының бірлігін білдіретін ас. Негізінде біздің тағамның дәмі ащы болып саналады», - деді Қытай мәдени орталығының жастар қанатының басшысы Ирина Чин.
Мафтуна Туламова - Өзбек мәдени орталығы этномәдени бірлестігінің жастарының бірі. Оның айтуынша, Алматыда 2 мың өзбек ұлтының жасы тұрады.
«Ұлттық тағамның фестиваліне қатысқанымызға қуаныштымыз. Біздің үстелде ұлттық асымыз - палау қойылды. Оның қасында астың дәмдеуіші қышқыл ачучук салаты тұр. Одан бөлек, үстелде самса бар, ол да біздің ұлттық тағамымыз саналады», - деді Өзбек ұлттық мәдени орталығының өкілі Мафтуна Туламова.
Сонымен қатар, фестивальге Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасы орынбасары Жансейіт Түймебаев келді.