Алматыда Достық үйінде ҚХА медиация кабинеті ашылды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы медиация кабинетінің салтанатты ашылу рәсімі болды.

«Медиация - бұл татуластыру үдерісі және арнайы белгіленген маман арқылы дау-дамайларды шешу жолы. Бұл жерде медиатор шешім қабылдамайды. Шешімді дауласушы тараптар қабылдайды. Медиатор тараптармен қалай сөйлесу керектігін және оларды татуластыру жолдарын біледі. Сондықтан, медиатор ол нағыз бесасап маман. Оны әрі психолог әрі заңгер әрі қаржыгер деуге болады», - деді Қазақстан Медиаторлары қауымдастығының бас директоры, ТМД Экономикалық Сотының халықаралық бітімгері Жангелді Жақыпов.

Айта кету керек, бұл ҚХА жанындағы алғашқы кабинет. Енді алдағы уақытта Астанада да осындай кабинет ашу жоспарлануда.

Естеріңізге сала кетелік, 2011 жылы 28 қаңтарда ҚР «Медиация туралы» заңы қабылданған болатын. Бүгінгі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық және этноаралық қарым-қатынастарды реттеу саласында басты модератор болып табылады. Яғни, медиаторлық қызмет атқарады.

Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында: «Бүгінде сондай-ақ, еңбек қатынастары саласында да медиация институтын құру және пайдалану жөніндегі жұмыстарды күшейту қажет. Ұлттық және жеке ірі компанияларда да медиация құрылымын жасауды қолға алған жөн. АҚШ, Австралия және басқа да елдерде даулардың үштен бірі сотқа жетпей-ақ, медиация аясында шешіледі» - деп атап өткен болатын.

Бүгінгі шараны Алматы қаласы Қазақстан халқы Ассамблеясының хатшылығы, ҚР Президенті жанындағы «Қоғамдық келісім» мекемесі, Алматы қ. Достық үйі ұйымдастырды.