Алматыда DVD нұсқада «Қыз Жібек» жырының толық нұсқасы жарық көрді

trong>Қазанның 21-і. ҚазАқпарат /Назира Елеухан/ - Бүгін  Алматыда «Қыз Жібек» жырының  500 жылдығына орай DVD нұсқада жырдың толық нұсқасының таныстырылымы болып өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жырдың толық нұсқасын, «Қыз Жібек» жырының  500 жылдығына орай, «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің тікелей қолдауымен жарыққа шығарды. Жырды орындаған  жыршы Мұхтар Өтебаев, мәтінін Фарида Шәріпова оқыған.

Сонымен қатар шара аясында «Жерұйық» қоғамдық бірлестігі «Қыз Жібек» жырының музыкалық-танымдық радио-спектаклін (радио-фильм)  жасап, тыңдарман назарына ұсынбақ. 

 «Біздің бірлестік халық арасында «Қыз Жібек» жырын кеңінен насихаттау барысында қоғам қайраткерлерінің, тарихшы-ғалымдардың және музыканттардың қатысуымен Алматы қаласында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция мен бірқатар облыстарда республикалық дөңгелек үстелдер, конференцияларды ұйымдастыруды жоспарлап отыр», деді   «Жерұйық» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Болатбек Төлепберген.

«Еліміздің талантты ақындары мен жыршылары «Қыз Жібек» жырын тамаша романдық эпос етіп жырлаған, соның арқасында ол біздің заманымызға жетіп отыр. Жетіп қане қойған жоқ, қазіргі мәдениетіміздің ажырамас бөлігіне айналды. «Қыз Жібек» жыры профессионалды операға, көркем фильмге негіз болды. Ол бүгінгі тәуелсіз Қазақстанның жаңа астанасының сахнасында жаңаша қойылды. Міне, осылай ежелгі мәдениетіміз үзілмей, жалғасын табуда, бүгінгі қоғамға қызмет етуде, ол кейінгі ұрпаққа да рухани азық болары күмәнсіз», деді М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, ҚР академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор, Сейіт Қасқабасов.