Алматыда джиу-джитсудан QTT Kids ашық турнирі өтті

АСТАНА. ҚазАқпарат - Алматыда Kazakhstan Top Team клубының Қажымұқан Мұнайтпасов атындағы академиясында бразилиялық джиу-джитсудан 4-15 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдер арасында QTT Kids ашық турнирі өтті, деп xабарлайды ақпараттық және спорттық ХАБ.



Бұл жарыста IBJJF ережелеріне сәйкес түрлі салмақ дәрежелері бойынша Қазақстанның әр аймағынан келген 270-тен аса қыздар мен ұлдар өзара мықтыны анықтады. Жарыс қорытындысы бойынша, жеңімпаздар мен жүлдегерлер диплом және медалдармен марапатталды.


«Маған бүгінгі жарыс қатты ұнады. Бірінші орын алғаныма өте қуаныштымын. Өзімнің бапкерлерім Нұрсұлтан аға мен Самат аға маған жақсы қолдау көрсетті. Сол кісілерге алғыс айтамын. Мен өзім осы спортпен айналысып келе жатқаныма 5 жыл болды. Қазір Алматы облысындағы Сағадат батыр клубында дайындаламын. Алда әлі жеңістер болады деген сенімдемін», - деп жеңімпаздардың бірі Самат Жанали өз ойымен бөлісті.


Айта кетер жайт, бұл турнирдің басты мақсаты, Қазақстандағы джиу-джитсуды дамытып, елге таныту, спорт пен салауатты өмір салтын насихаттау және спортшылардың шеберліктерін арттырып, үздіктерді анықтау болып табылады.