Алматыда дзюдодан Әлем біріншілігінің жеңімпаздары марапатталды

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақстанның дзюдо федерациясы таяуда Астанада дзюдо күресінен өткен Әлем біріншілігінің жеңімпаздарын марапаттады.

Өзінің алғы сөзінде федерация президенті Кеңес Рақышев Әлем біріншілігінің жоғары деңгейде өткізілгендігін айтты. «Біз берген уәделеріміздің барлығын орындап келеміз. Кезінде, Астанада дзюдо күресінен Әлем біріншілігін өткізсек деп тілек білдіріп едік. Мінеки, оны да жоғары деңгейде өткіздік. Мен спортшыларымызды, олардың жаттықтырушыларын, барлық командаларды, сондай-ақ осы шараны өткізуге атсалысқан барша жандарды құттықтап, алғысымды білдіремін», - деді К. Рақышев. Осыдан кейін, ол марапаттау рәсіміне кірісті. Дзюдодан 60 келі салмақ дәрежесінде 2015 жылғы Әлем чемпионы Елдос Сметовке арнайы диплом және 15 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлық табыс етілді. Ал сол Әлем біріншілігінде 60 келі салмақ дәрежесінде күміс медальге қол жеткізген Рүстем Ыбраев арнайы дипломмен және 10 000 000 теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталды. Сонымен қатар, дзюдодан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Ермек Имамбеков, Елдос Сметов пен Рүстем Ыбраевтың жаттықтырушылары Ғалымжан Жылгелдиев пен Алтынбек Жиембаев, Боснияда Кадеттер арасында өткен Әлем чемпионатының чемпионы Айболат Ыстыбайға, 1 000 000 теңге көлемінде сыйақылар табыс етілді. Бұдан басқа, дзюдо күресінен ұлттық құрама команданың жаттықтырушылары, дәрігері мен массаж жасаушылары да ақшалай сыйлыққа ие болды. Өзінің қорытынды сөзінде Кеңес Хамитұлы бұл тек дзюдо федерациясы атынан көрсетіліп жатқан құрмет екендігін, таяу уақытта Тимур Құлыбаев басқаратын Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері Конфедерациясы тарапынан да марапаттау рәсімі болатындығын баса айтты. Айта кетелік, 2015 жылдың 24 - 30 тамызы аралығында Астана қаласында дзюдо күресінен әлем біріншілігі өткізілген болатын. Оған 120 мемлекеттен келген 700-ден астам спортшы қатысты. Медаль қоры бойынша еліміздің ұлттық құрамасы төртінші орынға ие болды. Қазақстанның дзюдо тарихында мұндай жетістік болған емес. Біздің алдымызда Жапония, Франция және Оңтүстік Корея елдері орналасты. Ал, ерлер арасында қазақ құрамасы Франциямен бірге үшінші орын алды, бірінші және екінші орында Жапония мен Оңтүстік Корея. Алтын медаль Елдос Сметовтың (60 келі) еншісінде, ал күмісті Рүстем Ыбраев (60 келі) олжалады.