Алматыда дзюдодан халықаралық «Grand Prix» турниріне 98 елден 600-ге жуық спортшы қатысады

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда 13-15 мамыр аралығында Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында дзюдодан халықаралық «Grand Prix» турнирі өтеді. Бұл айтулы додаға әлемнің 98 елінен 595 дзюдошы қатысады. Қазақстан үшін бұл рекордтық көрсеткіш.

2014 жылы Астанада өткізілген осындай халықаралық «Grand Prix» жарысына 40 елдің спортшылары қатысқан болатын.

Қазақстанның дзюдо федерациясы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Халықаралық дзюдо федерациясының ережесіне сәйкес, алаң иелері әр салмақ дәрежесі бойынша төрт спортшыға дейін қатыстыра алады.

Жарыстың жалпы жүлде қоры - 100 000 АҚШ долларын құрайды. Жарыс қорытындысы бойынша бірінші орын алған дзюдошыға - 2400 АҚШ доллары, бапкеріне - 600 доллар, екінші орын алған балуанға - 1600 доллар, бапкеріне - 400 доллар, ал қола медаль иегеріне - 800 доллар, ал бапкеріне - 200 доллар көлемінде қаржылай сыйақы табысталады.

Сонымен қатар, «Grand Prix» жарысы аясында 13 мамыр күні Алматыда жаңа дзюдо академиясының ресми ашылу рәсімі өткізіледі. Оған ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек, Халықаралық дзюдо федерациясының президенті Мариус Визер және Қазақстан Дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев қатысады деп күтілуде.

Бұл жаңадан ашылатын дзюдо академиясы халықаралық стандартқа сай жасалған. Спорт кешенінде төрт татамиге арналған зал, жаттығу залы, 100 орындық жатақхана мен асхана бар. Онда Қазақстан Ұлттық құрамасымен қатар, жас дзюдошылар да жаттыға алады, сондай-ақ, халықаралық жаттығу жиыны, семинарлар мен шетелдік мамандармен бірлесе әр-түрлі шеберлікті шыңдайтын сабақтар ұйымдастырылады.

Ал, «Grand Prix» турнирі Балуан Шолақ атындағы спорт сарайында 13 мамырда сағат 10.00-де, ал ресми ашылу салтанаты сағат 16.30-де басталады.

Турнирді ұйымдастырушылар: ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Алматы қаласының әкімдігі, ҚР Ұлттық Олимпиада комитеті, Спорттық жекпе-жек және күш қолданылатын спорт түрлері конфедерациясы мен ҚР дзюдо федерациясы.