Алматыда EcoTech 2010 көрмесі өтеді

АЛМАТЫ. Қазанның 30-ы. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ -Алматыда қараша айының 2-4 аралығында «Атакент» іскерлік ынтымақтастық орталығында жылсайынғы EcoTech 2010 - 6-шы орталықазиялық халықаралық «ЭкоТехнологиялар және муниципалдық шаруашылық өнеркәсібіне арналған ЭкоҚызметтер» көрмесі мен форумы өтеді.

Iteca компаниясының ұйымдастыруымен өтетін көрмеге әлемнің 10 мемлекетінен 50-ден аса компания қатыспақ. Аталмыш шара барысында экологияның барлық көкейтесті мәселелері кәсіби тұрғыда талқыланып, ең соңғы табиғат қорғау технологияларының тұсаукесер рәсімдері мен таныстырылымдары өтеді, сонымен қатар бірлескен жобалар қаралып, өзара шарттарға қол қойылмақ.

Көрмеге жетекші халықаралық және қазақстандық компаниялардың қалдықтарды қайта өңдеу, су және қоршаған ортаны тазарту және ластануының алдын алу, ластанған аумақтарды оңалту, жаңғыртылатын қуат көздерін пайдалану, сондай-ақ ресурстарды үнемдеу саласындағы жаңа технологиялармен қатар, биыл «сыртқы шулардан қорғану», «таза технологиялар», «өнеркәсіптік жуу және тазалау», «құрылыс және инженерлік коммуникация», «EcoLab» және «ЭкоДом» сынды жаңа экспозициялар ұсынылмақ.

Ал шара барысында "Қалдықтарды азайтуға арналған ынтымақтастық. Сараптау, сұрақтар, ең үздік технологиялар және тәжірибелер" деген тақырыппен өтетін конференцияда Қазақстанның Киото хаттамасы аясындағы міндеттемесі, экологиялық-қуат стратегиясы, атмосфераның ластануын азайту мүмкіндіктері мен технологиялары, мұнайгаз саласындағы газдарды кәдеге асыру, қуат көзін тиімді пайдалану мәселелері талқыланбақ. Оның жұмысына 120 делегат қатысады.

"Экологтар мен мамандардың арасындағы өзекті мәселелердің бірі Қазақстанның Киото хаттамасын ратификациялауға байланысты лас қалдықтарды азайту, сонымен қатар квотаны сатуға байланысты мәселер болып отыр. Бүгінде Қазақстан энергетика саласында парникті газдар шығару және атмосфераны ластау жөнінен алдыңғы топта тұрғаны ешкімге құпия емес", -деді EcoTech менеджері Олеся Сомкина.