Онлайн брифинг барысында қалалық Білім басқармасы басшысының орынбасары Қайрат Жұманов эпидемиологиялық ахуал аясындағы білім процесі туралы айтты.
Оның сөзіне қарағанда, балалардың қауіпсіздігін сақтау мақсатында қаланың 205 мектебінде жаңа оқу жылы қашықтан оқу форматында басталды.
«Қашықта орналасқанына және оқушы санының аздығына байланысты Көлсай және Сұлусай шағын аудандарындағы № 194 және 197 мектеп штаттық режимде жұмыс істеп тұр», - деді ол.
Қалада жалпы 207 мемелекеттік мектепте 271 524 оқушы білім алып жатыр. Ал 63 жеке мектепте 16 352 бала білім алуда.
1 қыркүйектен бастап 27 809 бала бірінші сыныпқа барды.
Оның айтуынша, Алматы қалалық бас санитарлық дәрігерінің қаулысымен және 1-2 сынып оқушылары арасында ата аналардың өтінішімен 102 мектепте кезекші сыныптары ұйымдастырылған. 256 кезекші сыныбында 3353 бала оқып жатыр.