Спикердің сөзінше, Алматыда мектептен тыс тегін білім берумен қамту әлі де төмен.
«Аталған мәселені шешу үшін Алатау және Наурызбай аудандарында екі жаңа Оқушылар сарайының құрылысы басталды. Әрқайсысының қуаты – 675 адам. Бұл нысандар қосымша білім беру және балалардың бос уақытын өткізу бағдарламаларын жүзеге асыру үшін қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді», - деді әкімнің орынбасары.
Сонымен қатар, ол балабақшалар мен мектептегі орын тапшылығы мәселесін шешу жұмыстары белсенді жүріп жатқанын жеткізді. Биыл бюджет есебінен Наурызбай ауданының «Қалқаман-2», Алатау ауданының «Нұркент», «Мәдениет» және «Дархан», Түрксіб ауданының «Қайрат» шағын аудандарында бес мектептің, сондай-ақ №9, 48, 191 үш мектепке қосалқы ғимарат салынады.
«Саялы» және «Зерделі» шағын аудандарында барлығы 1100 оқушыға арналған екі мектеп, сондай-ақ қаланың алты мектебіне қосалқы құрылыс салу жоспарланған - №59, 112, 148, 103, 65, 97.
«Мектепке дейінгі білім беру нысандары бойынша Наурызбай, Алатау, Әуезов, Жетісу және Түрксіб аудандарында тоғыз балабақшаның жобалық-сметалық құжаттамасын дайындау жұмыстары жүргізілуде. 5 жылға дейінгі кезеңде мектептер мен балабақшалардағы тапшылықты жою жоспарлануда», - деді әкімнің орынбасары.
Сондай-ақ ол Алатау ауданында 14 кортқа арналған теннис орталығының құрылысы аяқталып қалғанын жеткізді.
«Алатау ауданында 14 кортқа арналған теннис орталығының құрылысы аяқталуда. Бірінші жартыжылдықта Алатау, Медеу және Түрксіб аудандарында үш денешынықтыру-сауықтыру кешені іске қосылады. Оларға бару барлық жас санаттары үшін, оның ішінде мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін қолжетімді болады. Денешынықтыру-сауықтыру кешендерінде санатына қарай әмбебап спорт залдары, бассейндер, тренажер залдары, күштік дайындық, бокс және хореография залдары, үстел теннисіне арналған залдар және шахмат клубы болады», - деді спикер.
Айта кетейік, Наурызбай, Әуезов, Алмалы және Түрксіб аудандарында тағы жеті денешынықтыру-сауықтыру кешенінің жобасы әзірленіп жатыр. Олардың құрылысы жыл соңында басталады.