Алматыда екі жігітті атып, ақшаларын тартып алып кеткендер ұсталды

АЛМАТЫ. 6 қазан. ҚазАқпарат /Әділет Мұсахаев/ - Алматыда жаралы екі жігіт ес-түссіз күйде ауруханаға түсті. Оқ оның бірінің басына тисе, екіншісінің кеуде тұсына тиген.

Алматы қаласы ІІД криминалды полиция басқармасының қарақшылық шабуыл мен тонау бөлімінің бастығы Жанболат Зияддиннің айтуынша, бұл іс алғашында жастардың бұзақылығынан орын алды деген сипатта болған. Өйткені жәбірленушінің екеуі де ес-түссіз болғандықтан олардың қандай оқиғаға ұрынғандығын анықтау қиынға түскен. "Жігіттер ес жиған соң ғана оларға қарақшылық шабуыл жасалғандығы белгілі болды. Олар шабуыл жасалған маңдағы банкоматтан ірі көлемде ақша алған. Оған 15 минуттай уақыттары кеткен, міне осыны автокөлік ішінде бақылап отырған 3 бейтаныс жігіт олардың ізіне түсіп, қолайлы жерде шабуыл жасап, ақшаларын жымқырып кеткен",-дейді Ж.Зияддин.

Адам қарасы көптеп жүретін кешкі сағат 5-тер шамасында жасалған қарақшылық шабуылға куәгерлер де табылған.

"Куәгерлер қылмыс орын алған жерден қарасын батырған көліктің маркасы мен түсін көріп қалған. Бірер сағат өткен соң күдіктілер анықталып кейін қолға түсті. Олар Шымкент қаласының тұрғындары болып шықты", -деп атап өтті Ж.Зияддин.

Тәртіп сақшылары олардан арам жолмен келген ақша мен қылмыстық айғақ ретінде травматикалық тапаншаны тапқан. Жәбірленушілер әлі де ауруханада жатыр, қазіргі кезде жағдайлары тұрақты.