Алматыда ЕҚЫҰ-ның сыртқы саясат ведомстволары басшыларының бейресми кездесуі өтеді

None
СТАНА. Шілденің 12-сі. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Шілденің 16-17-сі күндері ЕҚЫҰ-ға мүше 56 мемлекеттің сыртқы саясат ведомстволарының басшылары және жоғары мәртебелі өкілдері, ұйыммен ынтымақтастық бойынша әріптес 12 елдің, сондай-ақ халықаралық ұйымдардың лауазымды тұлғалары Алматыдағы бейресми кездесуге қатысады. Бұл туралы бүгін Астанада өткен апталық брифингте ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Асқар Әбдірахманов мәлім етті.

«Аталған басқосу еліміздің ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету аясында ең маңызды шаралардың бірі болып табылады. Жоғары дәрежелі жиынның ашылуында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сөз сөйлеуі күтілуде», - деді ресми өкіл.

Бейресми кездесу барысында ұйым кеңістігіндегі қауіпсіздікті нығайтудың кең ауқымды мәселелері талқыға салынады.

«Жиынға қатысушылар ЕҚЫҰ жауапкершілігі тарайтын кеңістікте және одан тыс аумақтардағы қауіпсіздік мәселелерін, оның ішінде Қырғызстан мен Ауғанстан жағдайын, сондай-ақ халықаралық қауымдастықтың аталған елдердегі тұрақтандыру қызметіне ЕҚЫҰ-ның қосар үлесін арттыру жолдарын қарастырады», - деді А. Әбдірахманов.

Оның сөзіне қарағанда, министрлердің бейресми кездесуі кезінде бірқатар жанама шараларды өткізу жоспарланған. Атап айтқанда ЕҚЫҰ «Үштігінің» (Қазақстан, Грекия, Литва сыртқы істер министрлерінің) кездесуі, сондай-ақ Таулы Қарабақ жанжалын бейбіт жолмен шешу шараларын талқылау мақсатында Әзірбайжан мен Армения сыртқы істер министрлері, ЕҚЫҰ Минск тобының тең төрағалы елдері әріптестерінің (құрамында Ресей, АҚШ, Франция) және Қанат Саудабаевтың қатысуымен арнайы кездесуі өтеді. Мұнымен қоса онда ЕҚЫҰ-ның Іс басындағы төрағасының бастамасымен Еуро-Атлантика және Еуразия аумақтарының қауіпсіздігімен айналысатын жеті аймақтық ұйымның басшылары мен жоғары лауазымды өкілдерінің басқосуы ұйымдастырылады.