Астана күнінің 18 жылдығына арналған бұл салтанатты мерекеге қаланың және ауданның құрметті азаматтары, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, ауған соғысының ардагерлері, зейнеткерлер, жастар және басқа да қала тұрғындары қатысуда.
Алдымен сахнаға Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы шығарылып, Мемлекеттік әнұран орындалды.
Өзінің алғы сөзінде аудан әкімі Алтай Рақымбетов бүгінгі мерекелік шараға жиналған қауымды Астана күнімен құттықтай келе, әлем таныған елорданың тарихи рөлі мен маңызына тоқталды. Тәуелсіздіктің символына айналған Астананың бүгінде «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық идеясындағы құндылықтардың бірі екендігін, Қазақстанның қарыштап дамуына зор ықпал етіп жатқан орталыққа айналғандығын ерекше атап көрсетті.
Бұдан кейін Алтай Ерғазыұлы Астана мен ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай, Алматы қаласы және Әуезов ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтулы үлес қосқан бірқатар тұлғаларға, олардың ішінде шағын және орта бизнес субъектілерінің басшыларына құрмет грамоталары мен алғыс хаттар табыс етті. Сонымен қатар, дәл бүгін 16 жасқа толған үш жасөспірім (2 қыз мен 1 ұл) әкімнің қолынан төлқұжаттарын алды.
Осыдан кейін мерекелік концерт басталды.
« Мерекелік бағдарлама аясында концерт және түрлі спорттық шаралар ұйымдастырылады. «Құрманғазы» атындағы мемлекеттік халық аспаптары оркестрі, «Салтанат» би ансамблі және белгілі эстрада жұлдыздары өнер көрсетеді. Мерекеге орай, отандастарымызды Астана күнімен құттықтаймыз. Халқымызға амандық, татулық тілейміз. Елбасымыз аман болсын!, - деді «ҚазАқпарат» тілшісіне берген сұхбатында Алматы қаласы Әуезов ауданы әкімі аппараты Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Мирас Нысанәлиев.
Айт мерекесіне сәйкес келген бүгінгі салтанатты шара одан әрі жалғасуда. Көкке шарықтаған музыка әуендері көрермендердің көңілін қуанышқа бөлеуде. Бүгін Алматыда күннің бұлттылығына қарамастан, қала тұрғындары отбасы мүшелерімен бірге саябаққа қарай ағылып жатыр.