Алматыда «Елбасы жолы» атты көрме ашылды

None
АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Бүгін Алматыда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейінде «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті» күніне орай «Елбасы жолы» атты көрме ашылды.

Оған Алматы қаласы әкімдігі, «Нұр Отан» партиясының Алматы қалалық филиалы, ҚР Президенті Мұрағаты, ҚР Тұңғыш Президенті - Елбасы қорының өкілдері және музейге келушілер қатысты.

«Бұл көрменің негізгі мақсаты - ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық аренада саяси ықпалының және миссиясының жоғары екендігін көрсету және дәлелдеу. Сол үшін Елбасымыздың шет мемлекеттерге жасаған ресми сапарлары барысында сол мемлекеттердің басшыларының біздің Елбасыға тартқан 50-ге тарта құнды кәдесыйлары қойылған. Сондай-ақ, көрмеде Президенттің басқа мемлекеттермен байланыс орнатудағы қызметін бейнелейтін фотосуреттер де бар», - деді өз сөзінде ҚР Мемлекеттік орталық музейінің Қазақстан тарихын зерттеу орталығының ғылыми қызметкері Шырын Тойынбаева.

Сонымен қатар ол, қазіргі таңда әлемде «Дамудың қазақстандық жолы» атты түсінік қалыптасқандығын жеткізді.

«Н. Ә. Назарбаев елдің экономикалық даму жолына ерекше мән беріп, оларды саяси проблемалардан бұрын қойды. Өмірдің өзі көрсеткендей, Елбасының таңдауы дұрыс болып шықты. ҚР Президентінің «алдымен‑экономика, содан кейін ‑ саясат» атты қағидасы посткеңестік кеңістікте сәтті реформалардың бірден-бір ұтымды үлгісі болды. Біздің еліміздің терең ойластырылған экономикалық даму стратегиясының жеткен жетістіктері негізінде әлемде «дамудың қазақстандық жолы» атты түсінік қалыптасты», - деді Ш. Тойынбава.