Алматыда еліміздің барлық аймақтарының және Орталық Азия елдері суретшілерінің көрмесі ашылды

АЛМАТЫ. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Бүгін Алматыда Тұңғыш Президент қорында Қазақстан суретшілерінің арт-симпозиумы аясында "Еуразия. Еділден Ертіске дейін. Қазіргі заманғы бейне" атты көрме ашылды.

ҚР Суретшілер одағының ұйымдастыруымен ашылған көрмеге еліміздің барлық аймақтарынан және Орталық Азия елдері суретшілерінің 100-ден аса туындылары қойылған. Ертең пленэр аясында салған пейзаж суреттері қойылмақ. Көрме соңында "дөңгелек үстел" отырысы өтіп, ең үздік деп танылған 6 жұмыс марапатталатын болады.

"Біздің суретшілер батырларды, салт-дәстүрді, қазақтың бұрынғы өмірін бейнелеуден аса алмай келеді. Сондықтан бұл көрменің мақсаты - суретшілер еңбегін қолдай отыра, оларға "неге бүгінгі Қазақстанды, оның өмірін, жасампаз тұрмысты бейнелемейміз, еліміздің өсу, өркендеу жолын неге көрсетпейміз" деген ой тастау", деді ҚР Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Байтұрсын. Оның айтуынша, қазақстандық суретшілер еліміз тәуелсіздік алған жылдан бері тұңғыш рет Түрікменстан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан және Австрия елдерінің қылқалам шеберлерімен бірге жұмыс істеуде.

Симпозиумға тұңғыш рет қатысушы түрікмен елінің суретшісі Берді Чарыевтің айтуынша, мұндай шаралар өте қажет, әсіресе өнердің дамуы үшін. "Кеңес өкіметі кезінде осы сынды шаралар көп болып, жиі араласып тұратынбыз, қазір өкінішке орай, байланысымыз азайып кетті. Мұндай шаралар біздерге тәжірибе жинауға ықпал етіп қана қоймай, өз жетістіктерімізді, шығармашылығымызды әрі қарай дамытуға, жаңа ой табуға, бағыт- бағдарды айқындауға көмектеседі", деді ол. Оның айтуынша, дәстүр, батырлар тақырыбындағы суреттерден гөрі, бүгінгі заман бейнесін салуға көшкен жөн.

Австриялық суретші Волфганг Валкенштейннің айтуынша, Австрияда "дәстүрлі" суреттерді көп ешкім салмайды. "Ең жас суретші бірден заман талабына сай, бүгінгі өмірді көрсететін суреттер салады. Меніңше, осы ғасырдың суретшілері бүгінгі заманды көп бейнелегендері дұрыс", деді ол. Оның айтуынша, қазақстандық суретшілердің кәсібилігі жоғары, бірақ олардың тақырыптары көбіне тарих, салт-дәстүр жайында. "Дұрысы, кейінге қарайлауға мүмкіндік бермейтін бүгінгі уақыттан қалмау керек", деді Волфганг Валкенштейн.

Көрмеге еліміздің 13 қаласынан отыздан аса суретшілер мен Алматы қаласынан 35 суретші қатысуда.