Алматыда "Еліміздің ЖОО-ның гранттарын жеңіп ал" атты олимпиада өтіп жатыр

АЛМАТЫ. Наурыздың 27-сі. ҚазАқпарат /Нәзира Елеухан/ - Алматыда Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ Ұлттық техникалық университетінде (ҚазҰТУ) қала мектеп түлектерінің арасында "Еліміздің ЖОО-ның гранттарын жеңіп ал" атты олимпиада өтіп жатыр,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Аталмыш олимпиадаға жетім балалар, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, мүгедек балалар, көп балалы және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары қатысуда.

ҚР Білім және ғылым Министрлігі мен қала әкімшілігінің және ҚазҰТУ-нің ұйымдастыруымен өтіп жатқан олимпиада Елбасы Жолдауын іске асыру аясында, талантты жастарға білім гранттарын беру арқылы әлеуметтік қолдау көрсету мақсатында өткізілуде.

Олимпиада нәтижесі бойынша ең көп балл жинаған 11 қатысушыға Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің, Т.Рысқұлов атындағы ҚазЭУ-нің, Алматы Экономика және статистика академиясының, Абылайхан атындағы ҚазХҚжӘТУ-нің, Еуразиялық нарық институтының, Д.Қонаев атындағы университеттің гранттары және "Қайнар" университетінің екі гранты берілетін болады. Олимпиадаға 100-ден аса мектеп түлектері қатысуда.

Олимпиада Алматы бөлімшесінің Ұлттық тестілеу орталығында төрт пән бойынша: қазақ және орыс тілінде (оқыған тіліне қарай), математика, Қазақстан тарихы, сонымен қатар, ұнатқан мамандығына қарай, таңдаған тағы бір пән бойынша, қабылдау ережесіне сай өтуде.

Шара бағдарламасында балалар Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТУ-нің тарихи мұражайын аралап, жылсайынғы "ҚазҰТУ көктемі" фестивалінің концерттік бағдарламасын тамашалайтын болады. Олимпиада жеңімпаздарды марапаттау рәсімімен аяқталады.