Орталық «Almaty Towers» кешенінде орналасқан. Одан телевизиялық бейнекөріністер тікелей бүкіл әлемге таратылатын болады.
Орталықты ашқан қала басшысы, оның маңыздылығын атап өтіп: «Бұл Орталық Алматы және ел тарихында тұңғыш рет ашылып отыр. Орталық Азия ойындары өтетін Алматы және Астана қалаларындағы 12 нысандармен байланысқан. Барлық ақпарат осында келіп түсіп, елімізге және әлемге таралатын болады. Орталық заманауи техникалармен қамтылған. Миллиондаған спорт сүйер қауым Азия ойындарының барлық көрсетілімдерін біздің телеарналар арқылы тамашалай алады. Бұл жұмысқа танымал компаниялар тартылды, сол үшін де оларға алғысымды білдіргім келеді», - деді.
7-қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру дирекциясының вице-президенті Мағжан Қанғожиннің айтуынша, орталық «Азиаданың жүрегі» болмақ. «IGBS компаниясы спорттық шараларды басқару мен тарату индустриясында үлкен тәжірибеге ие. Мысалға, олар 2002, 2006, 2010 жылдары футболдан әлем чемпионатын, сонымен қатар, Ванкувердегі олимпиаданы таратқан болатын», - деді.
Оның айтуынша ,аталмыш компанияның 700 маманы Азия ойындарын таратуға құқық алған барлық елдерге тікелей таратуды қамтамасыз ететін болады. «Бұл жерді басты операция жасайтын база деп те айтуға болады. Спорттың 11 түрінен өтетін шаралар, Азиаданың ашылуы мен жабылуы жайындағы ақпараттар мұнда өңделетін болады», - деп атап өтті Мағжан Қанғожин.
Бүгінде 15-ке жуық ірі халықаралық компания таратуға құқық алған. «Оның ішінде CCTV ( Қытайдың орталық телеарнасы), MBC (Корея), «Әл-Жазира» - ірі арабтық компаниясы, ресейлік «РТР-24» арнасы және басқа да телеарналар бар. Ал, еліміз бойынша «Қазақстан» және «Хабар» арналары тарату құқығына ие болды», - деді М. Қанғожин.