«Біріккен Ұлттар Ұйымы 2010 жылды Халықаралық био-алуандылық жылы деп жариялау туралы шешім қабылдағаны белгілі. Бүгінгі шара сол шешімді қолдау және экологиялық көзқарасты қалыптасыру, тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру, сонымен бірге қала тұрғындарын табиғатты қорғау, жасыл қорды ұлғайту жөніндегі жұмыстарға араластыру мақсатында өткізіліп отыр», -дейді Алматы қалалық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасының бас маманы Меруерт Алназарова.
Алматы қаласы табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы мен Іле-Алатау Мемлекеттік Ұлттық табиғат саябағының қолдауымен «Жасыл ел» жастар қозғалысы, «Ағаш отырғыз» қозғалысы, «Руханият», «350» халықаралық экологиялық ұйымының Қазақстандағы өкілдігі, Жасылдар партиясының ұйымдастыруымен өткен шара барысында жаңғақ жинаумен қатар тоғай аумағы қоқыстардан тазартылды. Сондай-ақ акцияға қатысушылар көрікті демалыс орындарының бірі болып саналатын, ерекше қорғалатын табиғи аумақ - Баум тоғайымен жақын танысты. Шара соңында әрбір қатысушыға өз ауласында отырғызу үшін емен көшеттері сыйға берілді.