Алматыда емхана қызметкерлері қызыл аймақта қалай жұмыс істеп жатыр

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат – Алматыда емханалар карантин аясында ҚР бас санитарлық дәрігерінің №57 қаулысымен жұмыс істеп жатыр.

Яғни, құжатқа сәйкес медициналық мекемелердің жұмысы қатаң регламенттелген. Тіпті емханалар да инфекциялық стационардың қағидаттарымен «таза» және «лас» аймақтарға бөлініп жұмыс істеп жатыр.

№ 11 емхана қызметкерлерінің бір күндік жұмысына фоторепортаж жүргізуді жөн деп таптық.


Лас аймаққа фильтр және изолятор жатады. Дене қызуы жоғары пациенттерге емханаға кіруге тыйым салынған.

Оларды фильтр дәрігері қабылдайды. Сыртқы аулада фильтр кабинетке баратын арнайы нұсқаулықтар көрсетілген.

Фильтр бөлімінің қызметкерлері таңғы сағат 8:00-20:00 аралығында қорғаныс костюмімен жұмыс істейді. Мұнда қызуы жоғары, жөтелмен келген науқастарды қабылдайды.

Күніне бұл кабинеттен 15 адам өтеді. Дәрігердің қарауынан соң науқастар амбулаториялық ем қабылдауға үйіне жіберіледі немесе провизорлық стационарға жатқызылады.

Пандемияның шарықтау кезінде бір дәрігер 40 адамнан қабылдаған.

Медицина мамандарының инфекциялық қауіпсіздігі қазір бірінші орында тұр. Сондықтан олар қорғаныс костюмін 3 сағат сайын ауыстырады.

«Коронавирусты инфекцияның пандемиясына байланысты емханада ересектер фильтрі, балалар мен жүкті әйелдер фильтрі жұмыс жасайды. Жұмыс уақыты 8:00-20:00 дейін. Фильтр кабинетінде ЖРВИ, тұмау, коронавирус жұқтырды деп күдіктелген науқастарды қабылдайды, осындай науқастарға емдеу тағайындалып, бірден ПТР талдауы алынады. Жағдайы ауыр науқастарға ауруханаға жатқызылады жасалынады. Фильр кабинетіндегі мамандар, қауіпті аймақта жұмыс жасайтындықтан қорғаныстың үшінші түрін қолданады, яғни ең жоғары қорғаныс құралдарымен қамтамасыз етіледі. Оған көп реттік костюм, N99, FFP3 типті респиратор, қорғаныш көзілдірігі, 2 жұп медициналық қолғап, етік кіреді. Жұмысқа кірісер алдында міндетті түрде таза аймақтан қорғаныс киімінің дұрыс киілуі тексеріліп, қауіпті аймаққа шығарып саламыз.

Әрбір 3 сағат сайын фильтр кабинеттерінде дезинфекциялық өңдеу жүргізіліп, бактерицид шамдары қосылып ауаны залалсыздандыру жұмысы жүргізіледі. Бұл уақытта фильтр кабинетіндегі дәрігер және мейірбикелер таза аймаққа өтіп демалады, тамақтанады», - деді емхананың эпидемиолог маманы Қамар Қайратбекқызы.

Санитарлық нормалардың сақталуын емхананың санитарлық эпидемиологиялық қызметі бақылайды.

Фильтр кабинеттеріне бұрыннан санитарлық дезинфекциялық режим қатаң қабылданатын.

Ауа әр 3 сағат сайын кварц шамымен өңделеді. Әр пациенттен соң барлық заттар дымқыл шүберекпен сүртіледі.

Бүгін ересек пациенттерді дәрігер Нұржамал Көшімханова мен медбике Луиза Ниязова қарап жатыр.


Ал балаларды жеке фильтр кабинеті қабылдайды.


Балалар фильтр кабинетінің дәрігері - педиатр Шим Виктор. Бұл кісінің инфекциялық науқастарды қарауда 10 жылдық тәжірибесі бар.

Көптеген адамдар үшін фильтр деген ғимараттан тыс бөлек бөлме ғана сияқты көрінеді. Алайда бұл жерде интоксикация белгісімен: іші өтіп, құсып, қызуы көтеріліп, жөтеліп, түшкіріп, үстіне жара шығып келген балалар қабылданады.

Балалар фильтрінің медбикесі Құралай Нұрқасенова.

Әр емханада изолятор бар. Бұл COVID-19 белгілері бар пациент келген жағдайда науқасты оқшаулауға керек.


Фильтр мен изолятор кабинеттері емхананың орталық кіреберісінен едәуір қашықта орналасқан.

Күнделікті емханаға келетін пациенттер нозологиялық ауруларына байланысты COVID-19 күдік туғызған науқастармен беттеспеуіне барлық жағдай жасалған.


COVID-19 диагнозына күдік туғызған науқастарға арналған изолятор 2020 жылдың қаңтарынан бастап ашық тұр. Бұл бөлмеде науқас жедел жәрдем қызметі келгенше отыра тұрады.

Осы уақыт аралығында емхана қызметкерлері дене қызуын төмендетіп, алгоритмге сәйкес алғашқы көмек көрсетуге тырысады.

Таза аймақ


Бұған дейін айтылғандай, әр 3 сағат сайын кварцтау кезінде қызметкерлер қызыл аймақтан шығып, душ қабылдап, жеке қорғаныс киімін ауыстыруы керек.

Қалған уақытын демалыс бөлмесінде өткізеді.


Демалыс бөлмесінде медициналық қызметкерлердің алаңсыз демалуы үшін барынша жағдай жасалған.

Емхана басшылығы барынша үйдегідей ахуал жасаған. Қызметкерлер түскі 14:00-де түскі асқа келеді. Барлығына еті көбірек ыстық тамақ, дәрумендер қарастырылған. Емхана басшылығы ас мәзірін барынша қамқорлықпен құрастырған. Себебі, халық саулығының сақшысы боп отырған дәрігерлердің денсаулығы аса маңызды екені рас.

Медицина мамандарының уақтылы тамақ ішіп, демалғаны - эпидемиологиялық қауіпсіздік кепілі.



Түскі 15.00-де мамандар ас ішіп демалып келгенше фильтр кабинеті дезинфекцияланып жұмысқа қайта даяр болып тұрады.

Санитарлық қызметкерлер медбикелер мен дәрігерлерге обаға қарсы қорғаныс костюмін киюге көмектеседі.

Лас аймаққа кіру процесі емхана эпидемиологының бақылауында болады. Фильтр қызметкерлері айына 2 рет ПТР талдауын тапсырып тұрады.

Емхананың басқа бөлмелері таза аймаққа жатады. Педиатрлар, терапевтер басқа да мамандар алдын ала жазылу бойынша қабылдайды.