Ал екінші орынды иемденген «Академик» кооперативіне мотоцикл бұйырды. Үшінші орынға тұрақтаған «Еңбек» және «Менің үйім» кооперативтері қар күрейтін техникаға ие болды.
Алматы қаласының Медеу ауданының әкімдігі және «Posadiderevo.kz» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған бұл байқауға жалпы 26 пәтер иелері кооперативі қатысып, белсенділік танытқан. Жүргізілген жұмыстар нәтижесінде жыл басынан бері аудан аумағында 118 бейнебақылау камерасы орнатылып, 3 гүлзар егіліп, 14 лифт жаңартылған.
«Бұл байқаудың басты мақсаты - жақсы жұмыс істеп жатқан пәтер иелері кооперативтерін ынталандыру, халыққа таныту, ал тұрғындарды тазалықты сақтауға, қоғамдық орындарды, қоғамдық мүліктерді ұқыпты ұстауға шақыру. Тазалық - адамның көңіл-күйіне әсер етеді. Егер үйлер жылы болса, жарық болса, аула, кіре-берістер таза болса, тұрғындардың көңіл-күйлері де жақсы болады. Сондықтан сондай жақсы көңіл-күй сыйлап отырған кооперативтерді дәріптеу үшін, осындай байқауды ұйымдастырып отырмыз. Бұл шара келесі жылы да жалғасын табатын болады» - деді өз сөзінде Медеу ауданының әкімі Сұлтанбек Мәкежанов
Ал «жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демекші, қарамағында 41 көп қабатты үйлері бар «Самал» пәтер иелері кооперативінің төрағасы жеңіске жету жолындағы атқарған жұмыстарына тоқталды.
«Мен бұл кооперативке төраға болып бұдан 4 жыл бұрын сайландым. Сол кезде жағдай өте мүшкіл еді. «Самал» - қаладағы ең артта келе жатқан кооператив болатын. Ол туралы тіпті баспасөз беттерінде де айтылды. 37 үйдің шатырынан су ағатын. Жертөлелерде тізеге дейін су болатын. Кейбір үйлер жылуға тек желтоқсан айында қосылатын. Содан мен тұрғындармен жиналыс өткізіп, алдағы уақытқа жоспар құрдық. Арнайы қор құрдық. Штатқа жұмысшыларды, құрылысшыларды алдық. Бұрын тек керек болғанда немесе апат болғанда ғана сырттан шақыртылатын. Төрт жыл ішінде жағдай өзгерді. Өткен жылы «Ең үздік аула сыпырушы» байқауында жеңіске жетіп едік. Енді міне, биыл бас жүлдені жеңіп алдық. Енді бірінші орынды ешкімге бермеуге күш саламыз» - деді өз сөзінде «Самал» пәтер иелері кооперативінің төрағасы Ерлан Бейсембаев