Алматыда «Еңлік» студенттер театры құрылды (ФОТО)

АЛМАТЫ. ҚазАқпарат - Алматыда Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің Қазақ филологиясы және әлем тілдері факультеті жанынан тұңғыш рет «Еңлік» студенттер театры құрылды. Жаңа өнер ордасының шымылдығы жас ақын, режиссер Бекзат Смадиярдың «Бұлт қой мынау жылаған» драмалық қойылымымен ашылды.

Университеттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, театрды ашу идеясын факультет деканы Алтынай Тымболова ұсынған.

Өз сөзінде осы театрдың көркемдік жетекшісі, педагогика ғылымдарының кандидаты, профессор Береке Жұмақаева жаңа театрдың жастарға берері мол екендігін баса айтты.

«Студенттердің өнерге деген талабы зор. Шығармашылық - бұл, үлкен күш қой. Жастардың өзі сүйсінген іспен шұғылдануы олардың өмірге деген қызығушылығы мен құлшынысын арттыра түседі және игі істерге жолбасшы болады», - деді ол.

Қойылымның тұсаукесерінде қатысқан университет ректоры Динар Нөкетаева өнерлі жастарға ризашылығын білдірді.

«Студенттердің өнерге деген құлшынысын арттыру - әдемілікке, әсемдікке баулу, руханият әлеміне сусындату болып табылады. Театрдың «Еңлік» деп аталуының өзінде терең мән-мазмұн бар. «Еңлікгүл» қаншалықты нәзік гүл болса да, соншалықты тасты жарып шығатын қайсар болғандықтан, оны кейде «Ерлік гүлі» деп те атайды», - деді Д. Нөкетаева.

Кәсіби актерлар болмаса да студенттер өз рөлдерін беріле сомдады.